Уәлиханов ауданының ауыл шаруашылығы колледжі және Кішкенекөл ауылындағы мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы шеңберінде шара өткізілді. Әңгімелесу, дәріс, кеңес түрінде өткен шара оқушылардың өздерінің жанына жақын кәсібін саналы түрде таңдауы үшін бейімділіктері мен қабілеттерін анықтауға бағытталды. Жұмыспен қамту орталығының мамандары аталмыш бағдарламаның мүмкіндіктері мен мақсат-міндеттеріне тоқталып, оған қатысушылар қандай мемлекеттік қолдауға ие болатындықтарын түсіндірді. Оқушылар кәсіптік бағдарлау, жұмысқа орналасу, біліктілікті арттыру курстарына тегін жолдама алу, кәсіптік дайындықтан өту, тағы басқа мәселелер туралы өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын бітірген түлектер арасында жұмыспен қамтылғандар санын көбейтуге және тұрақтандыруға мүмкіндік беретін дуальдік білім беру жүйесіне баса назар аударылды. Бүгінгі таңда еңбек нарығында сұранысқа ие электрмен дәнекерлеуші, слесарь-электрик, аспаз, бухгалтер, ағаш және жиһаз өндірісінің шебері, наубай, тағы басқа мамандықтар туралы слайдтар көрсетіліп, жан-жақты мәліметтер берілді. Кәсіптік бағдарлау барысында “А.Ж. Мұсайбекова” ЖК, “Жолдаспай-Агро” ФШ сияқты жұмыс берушілер ауыл шаруашылығы колледжінің түлектерімен кездесіп, оларға тұрақты жұмыс орындарын ұсынды. Сонымен қатар, кәсіптік бағдарлау кезінде жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар және 50 жастан асқан тұлғаларға аса көңіл бөлінді.
Өткен жылы “Кәсіптік бағдарлау” ұтқыр жобасы шеңберінде “Атажұрт” ұлтаралық қоғамдық қорының мамандары жүргізген шаралар 203 адамды қамтыды. Олардың арасында ауданның елді мекендерінен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар және аз қамтылған азаматтар бар. Әр қатысушының қалаған мамандығы бойынша оқуы немесе бизнес ашуы үшін қабілетін анықтау және көмек беру мақсатында психологтер олармен әңгімелесті. Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша “А” санатына – 84, “Б” санатына 20 адам кірді. 69 адам қайта даярлаудан (“С” санаты) өтуге ниет білдірсе, 17-сі өз бизнесімен шұғылдануды шешті. Мамандар өткізген тренинг барысында екі жүзден астам адам сертификат алды.
“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы шараларының аясында тұрғындардың ақпараттануын арттыру үшін ұтқыр топ бекітілген кестеге сәйкес түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Олар 14 елді мекен тұрғындарымен кездесу өткізді. Нәтижесінде “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” іс-шараларына және “Өрлеу” жобасына 15 адам қатысуға ниет білдірді. Сондай-ақ, тоқсан сайын бос орын жәрмеңкесі өткізіліп, оған экономиканың нақты секторларының ұйымдары қатысады. Мектеп түлектерінің ата-аналарымен кездесулер өткізіліп, насихат жұмысы жүргізілді. Бұл шаралардың, әсіресе, мамандығын таңдай алмаған немесе өзін материалдық жағынан қамтамасыз еткісі келгендер үшін пайдасы мол болды.
Қоғамдық жерлерге ақпараттық киоск терминалдары орнатылған, онда бос лауазымдар, еңбек заңдылығы жөніндегі нормативтік жүйелермен танысуға болады.
“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының іске асырылуы ауылдағы ең өзекті әлеуметтік мәселелердің шешілуіне көмегін тигізіп, тұрғындарды жұмыспен қамтудың тұрақты өсуін, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуін қамтамасыз етуде. Еліміздің алға қарай қарыштап дамуы, экономикамыздың өсуі үшін халқымыздың әлеуеті жақсарып, жұмыссыздардың саны азаюы тиіс. Жұмыссыздар санын азайту жолындағы түйткілді түйіндерді шешетін аталмыш бағдарлама аясында мемлекетіміздің қамқорлығын тиімді пайдалана отырып, ісімізді жүзеге асыру – біздің міндетіміз.
Гүлнұр САБДИНА,
жұмыспен қамту орталығының маманы.
Уәлиханов ауданы.