«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Игілікті істердің бастауы

Ата Заңымыздың ең басты құндылығы адам тағдыры, оның құқығы мен бостандықтары екені мәлім. 1995 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін Конституциямыз жаңа сипатқа ие болып, еліміздегі демократиялық реформалар тереңдей түсті. Онда адамдардың құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстан аумағында азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Біздің Конституциямыз елімізде сан алуан идеологиялық, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған.

Негізгі Заңда мемлекеттің басты құндылығы – адам денсаулығын сақтау мәселесіне де айрықша көңіл бөлінген. Онда айтылғандай, қазақстандықтардың барлығы медициналық жәрдем алуға құқылы. Әрі бұл міндет осы күнге дейін мемлекет тарапынан тегін түрде жүзеге асырылуда. 2016-2020 жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізіліп отырған медициналық сақтандыру да арнайы қорға жиналған қаражат есебінен тегін медициналық көмек беруге бағытталған. Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен әрі қарай қамсыздандыруын тоқтатпайтынын атап өткен жөн. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакцинация кіреді. Осыған орай біздің орталығымызда кешенді жоспар жасалған, бұл қадамымыз жедел медициналық көмек қызметін тағы бір белеске көтеріп, жоғары стандарттарға сай жұмыс істеуге жол ашты. Мәселен, “Жедел жәрдем” станциясы жылына 110 мың шақырту қабылдайды. Күн сайын білікті 25 дәрігеріміз бен 100-ден астам фельдшеріміз тұрғындарға жедел медициналық көмек көрсетуге атсалысады. Орталық 23 мамандандырылған реанимобильмен және санитарлық көлікпен қамтамасыз етілген.

Мамадияр БАЙҒҰЛОВ,

жедел медициналық жәрдем облыстық орталығының бас дәрігері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp