Өңіріміздегі жалғыз қазақ тілді облыстық басылым – «Soltüstık Qazaqstan» газетіне биыл 105 жыл толып отыр. Газет ұжымы да, басылымды құрметтеген өзге ұйымдар да мерейлі күнге байланысты түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда.
«Soltüstık Qazaqstan» газетінің ұжымы қайырымдылық акциясын қолға алып, облыстық қан орталығына барып, қан тапсырды.
Кез келген жан донор болу арқылы адам өміріне араша бола алады. Орталық мамандарының айтуынша, бір рет тапсырған 450 мл қан өлім аузында жатқан 3 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді екен.
– Мен өзімнің қан тобымның сирек кездесетінін бұрыннан білемін. Сондықтан қан орталығына келіп, ерікті түрде қан тапсыруды әдетке айналдырдым. Жалпы дүниеде адам өмірі мен оның денсаулығынан бағалы ештеңе жоқ. Егер бүгінгі жасаған ісіміз науқас адамдарға жаңа өмір сыйлап жатса, біздің мақсатымыздың орындалғаны, – дейді «Soltüstık Qazaqstan» газетінің дизайнері Әсел Ахметова.
Газеттің мерейтойына орай Қызылжар аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен арнайы кеш өтіп, облыстық басылымның өкілдері қаламды серік етуге талпынып жүрген жастармен кездесті. Шара барысында ардагер журналист Қошан Қали мен «Soltüstık Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Арайлым Бейсенбаева өз тәжірибелерімен бөлісіп, газеттің қоғам өміріндегі рөлі жайлы ой қозғады.
Жас қаламгерлер легін даярлауға №3 Бескөл орта мектебі де атсалысып жатыр. Мұндағы «Медиа студияда» 30-дан астам оқушыға журналистиканың қыр-сырын үйретеді. Мектеп директоры Айнұр Сәрсенова үйірме шәкірттерінің мектеп мақтанышына айналғанын атап өтті.
Шара барысында оқушылар өлең оқып, ән шырқады. Атап айтқанда, 6 сынып оқушысы Абай Әлмен домбырамен «Мен қазақпын» әнін, оның ұстазы – өңірімізге танымал дәстүрлі әнші Еркебұлан Қарыпов терме орындады. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушылары Жанель Данияр, Фариза Хасеин, Інжу Сәбит өлең оқып берді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».
Фархат ТАСТАМБЕК,
журналист.