«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Илона ЛЯСОТА: “ТАТУЛЫҚ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНАН ДА СЕЗІЛЕДІ”

Илона Лясотамен Петропавл қаласының ортасында орналасқан Достық үйінде кездестік.

– Мен Польша елінің азаматымын. Краков қаласында туып-өстім. Петропавлдағы “Коперник” поляк мәдени орталығында поляк тілінен сабақ беремін. Польшадан келген еріктімін. Мамандығым бойынша поляк тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімімін. Осыдан үш жыл бұрын келген болатынмын, – деді ол танысқаннан кейін. – Мен 37 адамға поляк тілін үйретіп жүрмін. Оның ішінде поляктар ғана емес, өзге этнос өкілдері де бар.

– Қазақстанда тұрып жатқаныңызға үш жыл болды. Сіздің ойыңызша Қазақстанда өзге этностардың өз тілін, ділін, мәдениетін, тарихын оқуға, оны дәріптеуге қандай жағдай жасалған?  

– Өте жақсы жағдай жасалған деп ойлаймын. Себебі, Қазақстанда өзге мемлекеттерге қарағанда мен сияқты еріктілердің келіп, тілді, әдебиетті, салт-дәстүрді, тарихты осы елде тұратын өзге этностарға оқытуларына барынша жағдай жасалған. Және өзге этнос өкілдерінің өскелең ұрпағына мектеп табалдырығынан бастап өз ұлтының тілін, тарихын оқып, білуге мүмкіндік бар. Мысал ретінде Петропавлдағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенін айтуға болады. Онда өңірде тұратын өзге этностардың балалары мектеп жасынан тілін, тарихын, мәдениетін оқиды. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы – күш-қуаты зор институт. Негізгі жұмысым Достық үйінде өтетіндіктен, осында шоғырланған көптеген этномәдени бірлестіктердің іс-шараларына қатысып тұрамын. Олар түрлі концерттер мен кештер өткізеді. Бұл Қазақстанда тұратын этностардың өз мәдениетін, ділін, тарихын ұмытпауға септігін тигізбей қоймайды.

– Петропавлға алғаш келгеніңізде сізді не таңғалдырды?

– Қазақстанда үш жылдай уақыт бойы тұрғандықтан болар, мен осы жердің тұрғылықты азаматы болып кеткендеймін (күлді). Петропавл қаласына алғаш келгенімде мені Қазақстанның табиғаты таңғалдырды. Әсіресе, қыстың қытымыр аязы, осы мезгілдің сұлулығы көзге бірден түсті. Қазақ халқының тарихы мен мәдениеті туралы оқи бастадым. Қазақстанмен танысқалы бері Польшаға барғанда қазақ халқына қатысты мәліметтер бола қалса, жинап жүремін. Осы ел жайында ақпарат көздерінде жылт еткен жаңалықтарға елең ете қаламын. Өткен жылы Краковта қазақ мәдениетінің күндері өтті. Ал Польшаның Познань қаласындағы университеттің профессоры Абайдың поэзиясын поляк тіліне аударды. Ол кітапты қолға түсіру оңай емес. Дәл сол университеттің түркі тілдері факультетінде бір топ студент қазақ тілін үйреніп жүргенін білемін.

– Петропавлдағы қызметіңізді жалғастыру ойыңызда бар ма?

– Иә, әлбетте. Маған мұнда өте ұнайды. Өңірдің халқы да қонақжай. Этностар арасындағы татулық, тіпті, тұрғындардың қарым-қатынасынан да сезіледі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp