
Облыста жұма намаздары кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес насихатталып, осыған қатысты уағыздар айтылатын болады. Бұл жайлы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы Амангелді Сатановтың облыс орталығындағы мешіттердің имамдарымен кездесуі барысында белгілі болды.
“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлымен кездесуде жұма күндері өңіріміздегі барлық мешіттерде бірыңғай уағыз-насихат жүргізу туралы келісім жасалды. Петропавл қаласындағы жаңа мешіттің бас имамы Қасымхан Абдоллаұлы да осы бастаманы қолдады.
– Сыбайлас жемқорлық – қоғамның серпінді дамуын тежейтін фактор. Оған қарсы күрес – бүкіл қоғамның міндеті. Әлеуметтік зерттеулер экстремизмнің пайда болу себептерінің бірі сыбайлас жемқорлық екенін көрсетіп отыр. Осыған орай, бұл індетпен күресу үшін оның кез келген көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру қажет, – дейді Амангелді Сатанов.