Облысымызда 67 мешіт бар. Оларда 135-ке жуық имам, молдалар қызмет етеді. Өңірдегі діни ахуал олардың біліктілігі мен біліміне байланысты болары сөзсіз. Әсіресе, жат ағымдармен жүргізілетін күресте дін қызметкерлеріне артылар жауапкершілік мол. Сонда бүгінгі күннің дін өкілі қандай болуы тиіс? Бұл сұрақты облысымыздың имам, молдаларының білімі мен біліктілігін сараптау мақсатында келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Шоқановқа қойдық.
– Қазіргі таңда имам жан-жақты білімді, біліктілігі жоғары болуы тиіс. Оның діни білімі ғана терең болмай, мемлекеттің құрылымын, елдің ішкі және сыртқы саясатын, қоғамдағы өзгерістерді көпшілікті қандай мәселе толғандырып жүргенін білсе, құба-құп. Екі тілге жетік болғаны абзал. Ғаламторды бір кісідей меңгеріп, жамағат алдында уағызды қалай жүргізе алса, мақала жазуға да жетік болғаны дұрыс. Имамның жұмысы тікелей адамдармен байланысты болғандықтан, оның мінезі өзгелерді баурап алатындай көркем болғаны жөн. Ол үшін әуелі имам өзінің осал тұстарын түзеп, ішкі мәдениетін қалыптастыруы қажет. Әлбетте, алдымен отбасына үлгі болуы тиіс. Сонда ғана имамды ой-өрісі кең мамандық иесі деп айта аламыз. Бас мүфти өзінің мақаласында: “Біздің басты байлығымыз – иман, тәуелсіздік, татулық. Ендеше осы асыл ұғымдарды сәт сайын қорғау, нығайту әрбір адамның міндеті болса, бұл тұрғыда дін өкіліне артылар жауапкершілік пен сенім орасан зор”, – деген болатын. Өзіңіз білесіз, елімізде қазіргі таңда жат ағымдармен күресу – дін өкілдерінің негізгі мақсаттарының бірі. Бүгінгі күннің имамы теріс ағымдардың құрылымын біліп, олардың жетегінде кеткен адамдармен жүйелі жұмыс істей алуы тиіс. Республика бойынша өткізіліп келе жатқан аттестаттаудың көздегені де осы. Яғни, имам, молдалардың білімі мен біліктілігін сарапқа салу. Сараптаманың қорытындысы бойынша олардың білім деңгейін көтеру міндеті қойылады. Білімдері жоғары имамдарды әрі қарай қызмет баспалдағымен көтеріп, ал көрсеткіштері төмендерді оқытып, біліктілігі арттырылады. Келешекте елімізден бастап, шетелдің білім мекемелеріне оқытуға жіберіледі.
– Екі күнге созылған аттестаттаудың қорытындысы қандай? Сараптамадан өте алмағандары кездесті ме?
– Аттестаттауға облыстың өкіл имамынан басқасының барлығы қатысты. Наиб имамдардан бастап, ауыл молдаларына дейін. Дін қызметкерлерін сараптау мақсатында қойылған сұрақтар да әрқилы болды. Сараптамадан өңірдің қала және аудан имамдары сүрінбей өтті деуге болады. Арасында берілген сұрақтарға өте жақсы жауап бергендері де бар. Ал ауыл имамдарына келер болсақ, олардың білім деңгейін, әлбетте, қаланікімен салыстыруға келмейді. Ауыл молдаларына жүктелер міндеттерде де айырмашылық бар. Олар ең бастысы діннің негізгі ұстанымдарын білуі қажет. Оның ішінде бес уақыт және жаназа намаздары, неке қию сынды рәсімдер кіреді.
– Имамдар көбінесе қандай сұрақтарға жауап беруге қиналды?
– Бір билетте он шақты сұрақ болды. Сауалдар әртүрлі тақырыптарды қамтыды. Шариғи сұрақтардан басқа, Ата Заңға, мемлекеттік құрылым және жат ағымдармен күрес жүргізуге байланысты сауалдар қойылды. Дін қызметкерлері көбінесе жат ағымдарға қатысты сұрақтардан сүрініп жатты. Бұл, біріншіден, облыстағы діни ахуалдың тұрақтылығына байланысты болса керек. Сол себепті дін өкілдерінің кейбірі теріс ағымдармен жұмыс жүргізудің құрылымынан бейхабар болып шықты.
Сұхбаттасқан
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.