«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИМАНТАУДАҒЫ ИГІЛІКТІ ІСТЕР

Айыртау ауданы табиғатының әсемдігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, еңбекті қастерлейтін, өз жерін сүйетін тұрғындардың болуы ауданның ілгері басуына оң ықпал етуде. Мемлекет басшысының ауылды жерлерді дамыту жөніндегі тапсырмаларын және өзге де бағдарламалық құжаттарда қойылған міндеттерді орындау жөніндегі жұмыс Имантау ауылдық округінде ойдағыдай жүргізілуде.

Округ 66357 гектар аумақты алып жатыр, тұрғындар саны – 2633 адам. Округ құрамына Имантау, Жоғары Бұрлық, Цуриковка ауылдары кіреді. Бұл елді мекендер тұрғындарының бір ерекшелігі – өте белсенді, барлық мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, олар өз отбасының ғана емес, ауылдың да әлеуетін арттыруға атсалысуда. Бүгінгі күні округте 67 жеке кәсіпкерлік субъектісі бар. Олардың арасында мал өсірумен, құс және омарта шаруашылығымен айналысып жатқандар көп. Ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсініп, өз кәсібін дамыту үшін несие алушылар қатары көбейіп келеді.  

Имантау ауылында гүл және көкөніс көшеттерін өсіруді табыс көзіне айналдырған кәсіпкерлер аз емес. Бүгінгі күні бұл кәсіп түрімен 123 отбасы айналысып отыр, алдағы уақытта олардың қатары артарына сенімдімін. Себебі, ауыл кәсіпкерлеріне Көкшетау, Астана, Алматы және еліміздің басқа қалаларынан сұраныс үзбей түсіп жатады. Соңғы жылдары омарта шаруашылығына ықылас қойғандар қатары да қалыңдай түсті. Қазіргі таңда бал өндірумен 50 отбасы айналысады. Олардың өніміне сұраныс бар, сондықтан кәсіпкерлер “Бал үйін” ашуды ойластыруда.

Соңғы үш жылдың ішінде округте 6 дүкен, жол бойында сервистік қызмет көрсететін екі орталық және дәмхана ашылды. “Кузахметов” жеке кәсіпкерлігі сауда кешені мен қонақүй тұрғызып, тұрғындар игілігіне берді.

Кәсіпкерлікті дамыту бағытында ет және балық өнімдерін қайта өңдейтін цех, кондитерлік кәсіпорын, наубайхана, дәріхана ашып, көпшіліктің сұранысын қанағаттандырсақ дейміз. Бүгінгі күні округте көкөніс сақтау қоймасы салынып жатыр, сонымен қатар “Hairun Agro” серіктестігі 9 бірдей жылыжайдың құрылысын бастады. Алдағы уақытта мал шаруашылығына арналған кешен тұрғызылатын болады.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бастап тоғыз адам өз ісін ашу мақсатында жеңілдетілген несие алса, биылдың өзінде жеті жоба қаржыландырылды. “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламаларымен округтегі “Жаңа шаруа”, “Бүркіт”, “Мақанай” шаруа қожалықтары төрт түлік мал түрлерін көбейтті. Бағдарлама аясында қаржы алғысы келетіндер әлі де бар, олардың өтініштері қаралып жатыр.

Бұл округте жеке қосалқы шаруашылықтағы мал саны да әжептәуір, тұрғындар иелігінде 2 мыңға жуық ірі қара және осынша қой-ешкі, 600-ге тарта жылқы бар.

Ал “Имантау, жер және құс” серіктестігі үйрек-қаз өсіреді, жаз айларында тұрғындар шаруашылықтан тәуліктік балапандарды арзан бағаға сатып алады. Жерлестеріміз осылайша өз үйлеріндегі құс санын көбейтуде.

Меніңше, ауыл адамдарының бұрынғыдай атамекенді тастап, қалаға көшуі саябырлады. Еңбек еткісі келетіндер үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Ең бастысы, ерінбей еңбектену. Қазір ауыл үйлері де қаладағы көпқабатты пәтерлерден кем емес. Жақында Имантау ауылына жаңа су құбыры тартылды, бүгінгі күні тіршілік нәрін тұрғындардың баспаналарына дейін жеткізіп беру жұмысы жүріп жатыр.

Жалпы, Айыртау ауданы туризмді дамытуға қолайлы аймақ, сондықтан шағын және орта бизнес те қарқын алып отыр. Бүгінгі күні округ аумағында түрлі демалыс орындары жұмыс істейді. Демалуға келгендерге шатырлы қалашықта “Қарлығаш”, “Аршалы” және тағы да басқа жеке кәсіпкерлер қызмет түрлерін ұсынады. Кәсіпкер Н. Кузахметов алдағы күндері жаңа туристік демалыс нысанын салуды жоспарлап отыр, егер ойлағаны жүзеге асса, Имантау ауылдық округіне келетін демалушылар саны бүгінгіден де әлдеқайда артар еді.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың арқасында көптеген ауылдар қайта гүлденді, тұрғындардың тұрмысы жақсарды, ал жергілікті әкімдер ел игілігі жолындағы жұмыстарын әрі қарай жалғастыра беретін болады.

Любовь СЕРДЮК,  

Имантау ауылдық округінің әкімі.

 

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp