Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалының кезекті брифингінде облыс әкімінің орынбасары Ратмир Ахметов үстіміздегі жылдың 5 қазанында өтетін “Kyzylzhar Invest – 2016” халықаралық инвестициялық форумының маңызы мен оған дайындық барысын айтты.
“Kyzylzhar Invest” форумы алғаш рет 2014 жылы өткен болатын. Халықаралық деңгейдегі шараға 20 елден және Қазақстанның 13 облысынан 800 делегат қатысқан. Қатысушылардың арасында ұлттық және шетелдік компаниялар, даму институттарының өкілдері, инвестициялық қорлар мен кәсіпкерлер болды. Форумның шеңберінде бұрынғы іскерлік байланыстар нығайып, өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік туды. Инвесторлардың бірінші басқосуында 62 келісім жасалып, 85,5 миллиард теңгенің меморандумына қол қойылды. Сондағы нәтижелі істердің жалғасы ретінде инвесторлар кездесуі екінші рет ұйымдастырылуда.
Биылғы форумның ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отырғандығын сөз еткен Ратмир Бақытұлы: “Инвестиция тарту технологияны дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен мүмкіндік береді. Инвесторлардың сеніміне кіріп, бизнес жүргізуге жағдай жасалатындығына көздерін жеткізуіміз керек”, – деді.
Халықаралық инвестициялық форумға 500-ге тарта делегат жиналмақ. Швеция, Индонезия, Болгария, Литва, Грузия, Үндістан, Испания, Италия және тағы басқа елдерден инвесторлар келеді деп күтілуде.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.