«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҚАРҚЫН БӘСЕҢ

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында инвестиция тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы тиісті ведомство жетекшілерінің есебі тыңдалды.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин күн тәртібіндегі мәселеге жан-жақты тоқталып, өңірде инвестиция тарту бағытында оң серпін қалыптасқанын атап өтті. Былтыр 123,9 пайыз өсіммен 556 млрд. теңге инвестиция құйылып, рекордтық көрсеткішке жеткен. Жеке инвестициялар көлемі 116 пайыз немесе 420 млрд. теңгені құраған. Шетелдік инвестициялар бойынша жылдық жоспар 191 пайызға орындалған. Алайда қол жеткен табыстарға қарамастан 10 ауданның көрсеткіштері қанағаттандырмайды.

2025 жылға негізгі капитал бойынша инвестиция мөлшері 650,2 млрд. теңге болып белгіленген. Бірақ міндетті жоспардың жүзеге асуы мүлдем баяу. Екі айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бар болғаны 37 млрд. теңге 6 пайызға ғана орындалған.

Дархан Өмірсерікұлы негізгі капиталға инвестиция тартудағы негізгі кемшіліктерге ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу деңгейінің төмендігін, сондай- ақ ірі инвестициялық жобалардың болмауын атады. Экономикалық өсімді сақтап қалудың басқа да жолдары аз емес. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сыртқы істер министрлігі 2024 жылы барлық инвестициялық жобаларды (тұрғын үй құрылысын қоспағанда) іске асыруды есепке алу мен мониторингтеуді біріктіретін ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны әзірлеп, биыл пайдалануға енгізді. 60 республикалық жобаның төртеуі өңірімізге тиесілі.

Басқарма инвестиция тарту бойынша тұрақты негіздегі жұмысты тынбай жалғастыратын болады. Қазіргі таңда өңірде жалпыұлттық пул шеңберінде жалпы сомасы 847 млрд. теңгені құрайтын 51 инвестициялық жоба іске асырылуда. Былтыр 32,8 млрд.теңгенің 15 жобасы пайдалануға берілді.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқужинов өз сөзінде АӨК-ке былтыр 163,6 млрд. теңге мөлшерінде қаржы тартылғанын, оның ішінде негізгі капитал бойынша 121,8 млрд. теңгені құрайтынын алға тартты. Биыл оның мөлшері 147,8 млрд. теңге болып бекітілген. Осы жылдың екі айында 18,5 млрд. теңге құйылып, жылдық жоспар 12,5 пайызға орындалған.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жергілікті және шетелдік инвестиция тарту жайын басты назарда ұстауды, ірі инвестициялық жобаларға басымдық беруді, бірде-бір бағдарлама аяқсыз қалмауын, тиісті ведомстволар тарапынан бақылауды күшейтуді, жауапкершілікті арттыруды міндеттеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp