
Алдағы уақытта облысымыз аграрлы-индустриялық аймаққа айналады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек айтты.
– Біз сыртқы нарыққа шикізатпен емес, дайын өніммен шығуды көздеп отырмыз. Бұл ретте өңір экономикасының 18 пайызын құрайтын өнеркәсіптік өндірісті дамытуды жалғастыратын боламыз. Өңір өндірісінің 70 пайыздан астам бөлігін өңдеу өнеркәсібі құрайды. Бұл салада даму оң қарқынға ие. Бірақ машина жасау саласы көңіл көншітпейді. Тапсырыстың болмауынан “ЗИКСТО” және “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамдарында өндіріс көлемі азайды. Биыл бұл зауыттардағы жұмыстарды жандандыру көзделуде, – деді Дәурен Жандарбек.
Баспасөз мәслихатында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру экономика өсіміне тың серпін беретіндігі айтылды. Мысалы, “PP Solutions” компаниясы Петропавл қаласының шетінде серверлердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заманауи “Дата” орталықтың құрылысын жүргізуде. Бұрынғы Калинин атындағы зауыттың өндірістік ғимараттарын сатып алған кәсіпорын басшылығы аталмыш орталықты алдағы екі жылдың ішінде пайдалануға беруді жоспарлауда. Жоба құны – 10 миллиард теңге. Бұдан бөлек, үстіміздегі жылы германиялық “CLAAS” компаниясы комбайн құрастыратын зауытты іске қоспақ. Сапалы ауыл шаруашылығы техникасын шығару бойынша әлемдегі көшбасшы компания жылына 300 техника жасауды көздеп отыр.
Облыстың машина жасау саласында технологиялық жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, 2018 жылдан бері “С.М.Киров атындағы зауыт” пен “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамдарында ескі құрал-жабдықтар жаңартылуда. Сондай-ақ, соңғы аталған зауыт азық-түлік тасымалдайтын термовагондар құрастыруда. Нарықта бұл вагондарға сұраныс өте жоғары, қазірдің өзінде Ресейге 10 вагон экспортталды. Кәсіпорын жылына 1200 вагон шығара алады. С.М.Киров атындағы зауыт көпқабатты платалар – тұрмыстық техникаға қажетті жабдықтар өндірісін қолға алды. Сондай-ақ, ішкі нарыққа арналған отандық компьютерлер шығаруды бастады, – деді Дәурен Жандарбек.
Сегіз жылдан кейін қайта қалпына келтірілген Тайынша ауданындағы “Bio Operations” зауыты бидайдан бірнеше өнім түрін алуды көздеп отыр. Бұл – бидайды тереңдете өңдейтін Қазақстандағы бірегей зауыт. Жақында крахмал мен глютен өндіретін цех пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылдың басында биоэтанол өндірісі іске қосылады. Сонымен қатар биыл қуаттылығы 120 мың тонналық құрамажем зауыты салынады.
Дәурен Жандарбектің айтуынша, бүгіндері кәсіпкерлердің көбі құрылыс нарығына бет бұруда. Дегенмен, оларды құрылыс материалдарының тапшылығы алаңдатады. Бұл мақсатта биыл облыс әкімінің тапсырмасымен кірпіш зауыты ашылмақ. Жыл сайын 150 мың дана кірпіш шығаратын зауытта 25 адам еңбек ететін болады.
Өткен жылдың 11 айында кен өндірісі саласында инвестиция көлемі 1,5 есеге өскен. Сырымбет қалайы кен орнын барлау ісі аяқталып, енді тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталады. Бұл жобаны жүзеге асыруға 100 миллиард теңге инвестиция құйылмақ. Нысанда 600 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, тағы бес компания Айыртау, Есіл және Тайынша аудандарындағы жер қойнауларын барлауда.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.