«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ — ЭКОНОМИКАҒА ТІРЕК

Үстіміздегі жылы облыс экономикасына 87,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 9,9 пайыз болды. Өңір инвестициялық өсім қарқыны жөнінен республикада бірінші орында келеді. Өңірдің инвестициялық әлеуеті мен алдағы жоспарлары туралы облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Оразғұловпен сұхбаттасқан едік.

– Арман Сарбайұлы, алдымен, Қызылжар өңірінің инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтып берсеңіз.

– Еліміздің солтүстік қақпасы саналатын өңіріміз транзиттік дәліз іспеттес. “Еуропа – Қиыр Шығыс” бағытындағы жүк ағынының 70 пайызы біздің өңір арқылы тасымалданады. Қызылжар өңірі Ақмола, Қостанай, Павлодар, Ресейдің Түмен, Қорған және Омбы облыстарымен шекаралас. Бұл өз кезегінде өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады. Ал облысымыздың ауа, темір жол және автокөлік жолдарының қиылысында орналасуы Петропавл қаласында ірі көлік-логистикалық орталық құруға мүмкіндік береді.

Еліміздің инвестициялық картасында лайықты орнын алып отырған өңір экономикасының тірегі – агроөнеркәсіп кешені. Облысымыз Қазақстанда өсірілетін барлық дәнді дақылдардың 30 пайызын жинап, елдегі ауыл шаруашылығы тауарларының 11 пайызын өндіреді.

Бүгіндері Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспары жасалды. Онда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, әлеуметтік сала нысандарын тұрғызу, көлік және инженерлік коммуникацияларды дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жаңғырту сияқты 12 бағыт бойынша шаралар қарастырылған. Жалпы алғанда, 64 жоба арқылы 14 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Осы кезеңде 300 млрд. теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылмақ. Бұл облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырады.

Бұл жұмыстар облыс әкімінің бақылауына алынған, апта сайын инвестициялық жобаларға мониторинг жүргізіледі.

– 2018 жыл өңір экономикасы үшін қаншалықты жемісті болды? Қандай елдердің кәсіпкерлері өңірімізге инвестиция құюға ниет танытып отыр?

– Қазақстан экономика­сы­ның басым салаларына инвестиция құюға және инновациялық техноло­гия тар­туға, сондай-ақ, отан­дық кә­сіп­орындардың экспорт­қа бағытталған өнім­дерін шет­ел нарығына шы­ғаруға жәр­дем­десу – еліміз­дің сыртқы саясаты­ның негізгі бағыты. Сол себепті, біздің өңірде жыл сайын сауда-экономикалық және инвес­ти­циялық ахуалды жақсартуға арналған іс-шаралар жүзеге асырылады. Сондай-ақ, шетелдік іскер топтардың біздің өңірімізге, солтүстікқазақстандық делегациялардың шетелдерге сапарлары ұйым­дас­тырылады.

Қазір бәсекелестік заманы. Инвесторларды өңірге тарту бойынша өзге облыстармен бәсекеге түсудеміз. Алдағы уақытта да ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Бүгіндері бізге Орта Азия, Шығыс Еуропа елдері қызығушылық танытуда. Біздің экономикамызға Қытай, Румыния, Эстония, Македония елдері қаржы құйғылары келеді. Себебі, бізде шетел инвестициясын тартуға және кәсіпкерлік қызметті жүргізуге барынша қолайлы жағдай жасалған. Облыста Қытай мен Қазақстанның бірлескен кәсіпорны – “Тайынша Май” зауыты жұмыс істейді. Сондай-ақ, Ресей, Түркия, Польша, Германия кәсіпкерлерімен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.

Осы орайда, жыл басынан бері Қытай, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Жапония, Польша сияқты елдердің делегациялары келіп, өңірдің әлеуетімен танысып кеткенін атап айтқым келеді. Біз олармен қарым-қатынас орнатып, жұмыс істеуге дайынбыз. Алдағы жылы біз көптеген инвестициялық шараларды қолға алуды жоспарлаудамыз.

– Қазіргі кезде облысымызда қандай ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда?

2018-2020 жылдар аралығында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қарастырылған. Петропавл жеке индустриялы қаймағына 30 млрд. теңге, электр қондырғыларын шығаратын “Alageum Electric” компаниясының жобасына 6 млрд. теңге, “Alageum” компаниясының ағаш өңдеу зауытының құрылысына 5,2 млрд. теңге, “Biograin” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоспажем өндіретін зауытының құрылысына 2 млрд. теңге тартылмақ. Бұл жобалар жүзеге асырылған жағдайда облысымызда 1430 жаңа жұмыс орны ашылады.

Биыл елордада өткен ХІ Астана экономикалық форумы аясында германиялық “CLAAS” компаниясымен меморандумға қол қойылғанын атап айтқым келеді. Аталмыш компания – сапалы ауыл шаруашылығы техникасын шығару бойынша әлемдегі көшбасшы зауыттардың бірі. Тоғыз ай бойы жүргізілген келіссөздің нәтижесінде немістер болашақ жобаның кірісі мен шығысын есептеп, тәуекелдерді сараптап шықты. Жаңа зауыт бұрынғы “Қазтехмаш” зауытының ғимаратында орналасатын болады. Келісімшарт бойынша инвестор өз мойнына инвестиция құю және техника құрастыру міндетін алады, ал мемлекет отандық агробизнес өкілдеріне сатып алатын техника құнының 25 пайызын субсидиялайды. Алғашқы 30 комбайн биыл құрастырылады деген жоспар бар.

Сондай-ақ, электр қондырғыларын шығаратын “Alageum Electric” компаниясы Петропавл қаласында трансформатор шығаратын зауыттың құрылысын қолға алуды жоспарлап отыр. Инвестор құрылыс жұмыстарын бастамақ.

– Петропавл қаласында жеке индустриялық аймақ құрылуда. Бұл – біздің өңір үшін тың жаңалық. Қазіргі уақытта индустриялық аймақта қандай жұмыстар атқарылуда?

– “Радуга” компаниясының еншілес кәсіпорны болып табылатын “РимКазАгро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірнеше өндірісті қатар жүргізіп, өңірімізде жеке индустриялық аймақ құруды қолға алды. Енді мұнда құрғақ таңғы ас, ұн, тез дайындалатын кеспе, шекілдеуік, пластик өнімдері мен құбырлар, санитарлық-гигиеналық қағаз және тағы басқа тауарлар шығарылатын болады.

Зауыттың жанынан бой көтеретін жаңа индустриялық паркте 14 өндіріс орны ашылады. Жобаға 10 млрд. теңгенің инвестициясы тартылып, үш жүзге жуық жаңа жұмыс орны пайда болады деп күтілуде. Былтыр индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Индустрияландыру картасына енгізілген жобаның бірінші кезеңі – тез дайындалатын ботқаларды, сорпаларды, картоп езбесін дайындайтын цех іске қосылған болатын. Ал ел Тәуелсіздігінің 26 жылдық мерейтойы қарсаңында жобаның екінші кезеңі – жылдам дайындалатын кеспе, құрғақ таңғы ас, жүгері таяқшаларын әзірлейтін екінші цех жұмысын бастады. Екінші жобаны жүзеге асыруға 1,1 млрд. теңге қаржы салынды. Ал биыл үшінші жоба – 2 мың тоннаға шақталған көкөніс қоймасы пайдалануға берілетін болады. Қазіргі уақытта қажетті құрал-жабдықтар орнатылуда.

– Сегіз жыл бұрын жұмысы тоқтаған “Биохим” зауыты қайтадан іске қосылғалы жатыр. Аты да, заты да өзгерген зауыттың әлеуеті қандай?

– Кезінде бидайдан биоэтанол алу мақсатында Тайынша ауданында салынған “Биохим” өндірістік кешенінің қызметін қайтадан қалпына келтіру өңір экономикасы үшін ерекше маңызға ие екені сөзсіз. Алдағы уақытта сегіз жыл бойы жұмысы тоқтап тұрған “BioOperations” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы “Биохим” зауыты іске қосылатын болады. Кәсіпорынның жаңа иесі “ҚазМұнайГаз” АҚ-ы мен “BioLinekz” ЖШС-і зауытта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Жобаның құны – 12,6 млрд. теңге. Онда тек жабдықтарды қайта қалпына келтірудің өзіне 3 млрд. теңге жұмсалды. Мұнда Ресей, Англия, Түркия мен Қытай елдерінен жеткізілген жабдықтар орнатылуда.

Елімізде және жақын шетелдерде баламасы жоқ кәсіпорынның өнімдері импортты алмастырады деп күтілуде. Жоспарға сәйкес диірмен кешені мерзімді уақытында іске қосылып, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында глютен мен балауыз өндірісі қолға алынды. Ал жыл соңына қарай негізгі өнім – биоэтанол шығаруға кіріседі. Бүгінде автоматтандырылған диiрмен цехы, элеватор жұмыс істеп тұр, өнімді сақтайтын қоймалар да бар. Қазір кәсіпорында 260 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жыл басынан бері кәсіпорыннан облыс бюджетіне 21 млн. теңге салық түсті. Ал зауыт толық қуатына көшкеннен кейін қазына жыл сайын 140 млн. теңгемен толығады.

– Облыстағы ірі машина жасау зауыттары жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырғаны белгілі. Ол үшін ел бюджетінен қомақты қаражат бөлінбекші. Қолға алынатын жұмыстар кәсіпорындарға қаншалықты серпін бермек?

– Үстіміздегі жылы “Мұнаймаш”, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” және “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамдарының жұмысын жандандыру көзделіп отыр. Бұл зауыттар өңірдің машина жасау саласының негізгі тірегі болып табылады. Алайда, кәсіпорындарда әлі күнге дейін тозығы жеткен кеңес заманынан қалған станоктар тұр. Бүгіндері қаржы мәселесі шешіліп, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” мен “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамдарына шамамен 6,5 млрд. теңге берілетін болды. Бірінші кезеңде бөлінетін 3,3 млрд. теңгеге Тайвань, Германия, Оңтүстік Корея, Италия елдерінен заманауи құрал-жабдықтар сатып алынады. Екі зауытқа 338 осызаманғы құрал-жабдық орнатылады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың арқасында зауыттар тауарлардың түрін көбейтуге және бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, “ЗИКСТО” АҚ-ға Павлодар облысынан жаңа инвестор келді. “Премиум Вагон Комплект” ЖШС-нің жергілікті кәсіпорынды жаңғырту бойынша ауқымды жоспары бар. Инвестордың бастамасымен келесі жылдан бастап мұнда 37 мың шаршы метр аумақта жаңа зауыт өз жұмысын бастайды. Ендігі кезекте бұл жерде контейнер тасымалдайтын платформалар мен астық жеткізуге арналған заманауи вагондар шығарылады. Жобаны жүзеге асыру үшін 30 млрд. теңге қаржы жұмсалмақшы. Елімізде астық тасымалдайтын вагондар тапшылығы байқалып отырғандықтан, сұраныстың жоғары болары сөзсіз. Ресейліктер де қызығушылық танытып отыр. Жаңа зауыттың жылына 5 мың вагон шығаруға қуаты жететін болады. Жалпы алғанда, 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта ондағы ескі нысандар сүрілуде. Сондай-ақ, болашақ зауыттың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Облыс экономикасына серпін беретін бұл кәсіпорын 2020 жылдың соңында пайдалануға беріледі.

Сұхбаттасқан

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp