Облыстық инвесторлар кеңесінің отырысынан кейін шетелдік меймандар Петропавл қаласындағы бірқатар кәсіпорындарда болып, жұмыс барысымен танысты.
“Сұлтан ЭММК” акционерлік қоғамында қонақтарды қарсы алған кәсіпорынның бас директоры Идрис Картал оларды компанияның автоматтандырылған басқару орталығы мен макарон жасайтын өндіріс цехындағы жұмыстың барысымен таныстырды. Оның айтуынша, кәсіпорын шығаратын “Сұлтан” маркалы жоғары сұрыпты макарон өнімдері – Қазақстанға ғана емес, шетелдерге де танымал тауар. 2006 жылы шетелдік инвестор аталмыш кәсіпорынды ашқан кезде онда 8 түрлі ғана өнім шығарылған. Бүгінгі таңда халықаралық стандарттарға сай макаронның 38 түрі және екінші сұрыпты ұн шығарылады. Өнімдері үлкен сұранысқа ие. Былтыр кәсіпорын нарыққа 22713 тонна макарон өнімдерін және 5000 тоннадан астам ұн шығарған.
Өзінің 20 жылдық тарихында компанияның Қазақстан экономикасына қосқан үлесі зор. Фабрика 321 солтүстікқазақстандықты жұмыспен қамтып отыр.
Инвесторлардың ат басын тірегін екінші нысаны – “Мұнаймаш” акционерлік қоғамы. Бұл кәсіпорын 2012 жылы “Өнімділік – 2020” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын жаңа инвестициялық жобаны іске қосқан болатын. Қонақтар осы бастаманың нәтижесімен таныстырылды. Аталмыш желі мұнай-газ саласына қажетті сорғыларға арналған түрлі қосалқы бөлшектерді шығарады. Жаңаша жұмыс істей бастағалы өнімділік артқан. Мәселен, 2015 жылы кәсіпорын 2,5 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Биыл бұл көрсеткішті 10 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Зауыттың негізгі тұтынушылары – мұнай-газ саласының кәсіпорындары. “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясымен ұзақмерзімді келісімшарт бар. Былтыр зауыт экспортқа 45 миллион теңгенің өнімін шығарса, биыл оны одан әрі ұлғайтпақ.
Қонақтар “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің Петропавл қаласындағы сүт зауытына да соқты. Оның директоры Георгий Целых Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы негізінде бой көтерген заманауи кәсіпорынның тәулігіне 70 тонна өнім шығаратынын, 2015 жылы 5132 тонна сүт пен қаймақ, 8 тонна сарымай, 1107 тонна айран, 80 тонна ірімшік пен сүзбе өндірілгенін жеткізді.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің вице-министрі Рахым Ошақбаев инвесторлармен бірге кәсіпорындардың жұмысымен танысқан соң журналистерге сұхбат берді.
– Солтүстік Қазақстан өңірі бірінші болып инвесторлар кеңесін құрып, форум өткізді. Біз мұнай мен көмірсутегінің заманы өтіп бара жатқандығын мойындаймыз. Қазақстан алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласы мен азық-түлік өндірісіне басымдық береді. Бүгінгі таңда біздің қолымызда 52 жоба бар. Әсіресе, Қытай мемлекетімен іскерлік байланыс нығаюда. Еуропалық компаниялар майлы дақылдарға қызығушылық танытып отыр, – деді вице-министр.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан” .