«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛМАУЫ КЕРЕК

Инвестиция – экономика дамуының басты көрсетілімі. Қазақстан инвесторлар үшін қолайлылықтың басты алаңы саналатын «S&P» рейтингінде бірнеше жыл қатарынан ТМД елдерінің ішінде көш бастап тұр. Аталған ұйым еліміздің несие рейтингін BBB-, яғни «тұрақты» деп бағалаған. Алайда экономикаға инвестор тарту бар да, сол инвестордың құқығын қорғап, алаңсыз жұмысына қолайлы жағдай жасау бар. Негізсіз тексерістер мен қағазбастылықтың кесірінен қолға алынған жобаның жүзеге аспай қалуы да ғажап емес.

Инвесторлардың мүддесін қорғау – тек мемлекеттік мекемелер мен жергілікті атқарушы органдардың ғана емес, прокуратураның да ерекше бақылауында. 2023 жылдан бері облыстық прокуратурада инвест-жобаларға жетекшілік ету бойынша фронт-кеңсе жұмыс істейді. «ЕМС Agro» серіктестігінің 1,1 млрд. теңге инвестшығынын өтеу бойынша өтініші ұзақ уақыт бойы қарастырылмай келген. Бақылау актісі негізінде тиісті төлем жасалып, жұмысына салғырт қараған қызметкерге тәртіптік жаза берілді. Ал Айыртау ауданында полиция қызметкерлері тексеру жүргізу актісі болмаса да «Санаторий арка» акционерлік қоғамында миграциялық тексеру жүргізген. Прокуратураның араласуынан кейін 3 полицияға тәртіптік жаза қолданылды. «Прокурор фильтрі» инвесторлардың құқығын қорғайтын басты құралға айналып отыр. Мемлекеттік органдар прокуратураның шешімінсіз кәсіпкерлердің жұмысын шектеп, тексеріп, лицензиясын қайтара алмайды», – деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Абу-Али Саттар.

Алайда өңірде аталған ережені бұзу жағдайлары да кездескен. Прокурорлар 31 заңсыз тексеру мен жұмысты шектеу жайттарына тосқауыл қойған. Атап айтқанда, Мамлют және Тайынша аудандарындағы салық органдары заңдық тексерістер жүргізбек болған. Мемлекеттік кірістер департаменті «Asyl Farms» серіктестігін негізсіз тәуекелі жоғары деп белгілеп, кешенді тексеріс жүргізуді жоспарлаған. Себепсіз салық тексерістерін жүргізу бойынша 3 қызметкер жауапқа тартылған.

Аққайың ауданындағы «Северный бройлер» құс фабрикасының директоры Сергей Домаев прокуратураның жәрдеміне бірнеше рет жүгінгенін айтады.

– Ірі инвестор болғандықтан, алдымызда бірқатар кедергілер туындады. Алдымен жерді рәсімдеуде қиындықтар пайда болды. Прокурорлар көмек беріп, барлығын түсіндіргеннен кейін мәселе шешілді. Жұмыс барысында бізге айыппұл салынды. Кейін оның да күші жойылды. Ал облыстық экология департаментінің мамандары серіктестікте тексеріс жүргізбек болды. Алайда прокурорлар мұның негізсіз екенін анықтағаннан кейін мәселеге нүкте қойылды, – дейді Сергей Домаев.

Сонымен қатар прокурорлар «СК Агро 2050», «Nord Panels» және «Кирпич СК» серіктестіктерінің инвесторларына қатысты әкімшілік материалдар жинауға тоқтау салған. Мұндағылар серіктестіктерде орын алған болмашы құқық бұзушылықтар айтарлықтай кесірін тигізбегенін айтады. Ал егер оларға сол үшін жауапкершілік қарастырылатын болса, «Кирпич СК» 7 млн. теңге айыппұл төлеуі мүмкін еді.

Биыл қаңтардан бастап қолданысқа енген өзгерістерге сай енді инвесторларға қатысты материал жинап, іс жүргізу үшін прокуратураның келісімі керек. Егер келісім берілмесе, іс тоқтатылады. Бизнесті тексеру, мемлекеттік органдардың сотқа жүгінуі де прокуратураның келісімінсіз жүргізілмейді. Өзгерістер заңды күшіне енген сәттен бастап прокурорлар өз келісімінсіз жүзеге асқан 16 әкімшілік істі анықтаған.

Өңірге құйылатын инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. Биыл тағы 650 млрд. теңге экономиканың өне бойына қан жүгіртуі тиіс.

– Өткен жылы жылдық жоспар 99 пайызға орындалып, өңірге 556 млрд. теңге инвестиция тартылды. ДСП зауыты, «Маслодел» кәсіпорны, диірмен, макарон кешендері сияқты ірі жобалар жүзеге асты. ДСП зауытының іске қосылуына 90 млрд. теңге қаржы салуға ниетті шетелдік инвестор биыл құрылыс жұмыстарын бастайды, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин.

Алайда өңірде ашылған өндіріс орындарының бәрі толық қуаттылықта жұмыс істеп тұрған жоқ. Мысалы Шал ақын ауданындағы ет өңдеу кәсіпорны білікті мамандардың болмауы салдарынан тоқтап тұр. Жаңадан ашылған зауыттардың табысты жұмысына нарықтағы бәсекелестік пен импорт та кері әсерін тигізіп келеді.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp