Петропавлда “Астана” халықаралық қаржы орталығы инвесторларының халықаралық апталығы өтуде. Шарада алдымен сөз алған облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Сарбаев Қызылжар өңірінің инвестициялық әлеуеті мен даму мүмкіндіктеріне шолу жасады.
Әңгіме барысында облыстағы индустриялық аймақтардағы инфрақұрылымның дамытылуы, инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан іргелі жобалар, туризмді өркендетудің мүмкіндіктері баяндалды. «АХҚО әкімшілігі» АҚ-ы халықаралық іскерлік қатынастар департаментінің директоры Тауан Мұхамедқалидің айтуынша, Елбасының қолдауымен құрылған орталықтың жұмыс жасап жатқанына бір жылдан асқан. «Астана» ХҚО дүниежүзі бойынша қаржы орталықтарының ішінде өткен жылы 88-орынды иеленсе, 2019 жылы 51-орынға көтерілді. Орталықтың негізгі қызметі – қаржы қызметтеріне қолайлы орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тарту, жергілікті капитал нарықтарын өркендету, Қазақстандағы исламдық қаржыландыруға арналған сақтандыру нарықтары мен банк қызметтерін дамыту. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орталық басшылығына ендігі жерде өңірлермен тығыз жұмыс істеуді, инвестиция тартуға қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Біз бұл бағытта бірінші кезекте Солтүстік Қазақстан облысына келіп отырмыз. Сондай-ақ, біз жергілікті жерде ілгерілету мүмкіндігі мол жобаларға инвестиция тартуға қол ұшын беруге әзірміз. Өңірде шешімін табылмай келе жатқан экологиялық мәселелер де бар. Жасыл экономика бойынша да қолдау көрсете аламыз”, – деді Тауан Мұхамедқали. АХҚО халықаралық инвесторлар апталығының бағдарламасы таныстырылымдар мен ақпараттық сессиялар форматында өтті. Негізгі сессия барысының бірінші жартысында қатысушыларға қаржылық және инвестициялық мәдениетін қалыптастыру және инвестициялау негіздері туралы ақпарат берілді. Өңірлік бизнес үшін өткен таныстырылым барысында қаржы қызметтерін тұтынушыларды қорғау, бизнес үшін АХҚО мүмкіндіктері, жасыл және ислам облигацияларын шығару ерекшеліктері, АХҚО-да тіркеудің артықшылықтары мен рәсімі және орталықтың білім беру бағдарламалары туралы баяндалды. Тұрғындардың инвестициялық сауатын арттыруға бағытталған апталық кейін Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында өтеді.