«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНВЕСТОРҒА КЕДЕРГІ ЖОҚ, ҚОЛДАУ КӨП

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында өңірімізде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар жайлы айтылды.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Арман Оразғұлов инвестиция тарту жұмыстарының нәтижелі жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Үстіміздегі жылы облыс экономикасына 309 млрд. теңге құйылды. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру экономика өсіміне тың серпін беруде. Бүгінгі күні облыста 226 млрд. теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда. Үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – деді Арман Сарбайұлы.“Tielin Logistics Invest Co” компаниясы құрама-жемазық шығаруды және ағаш өңдеуді қолға алған. Қала шетінде заманауи Дата орталығының құрылысы жүргізілуде. “PP Solutions” компаниясы иесіз жатқан өндірістік ғимараттарды қайта қалпына келтіруде. Өңір экономикасы үшін маңызды “Bio Оperations” зауытында биылғы желтоқсан айында 36 мың тонна биоэтанол өндіру жоспарланған болатын. Түрлі қиындықтарға байланысты ол алдағы жылдың бірінші тоқсанына шегерілді. Сондай-ақ, “Alageum Electric” компаниясы 2020-2021 жылдары Петропавл қаласында трансформатор жасайтын зауыттың құрылысын жүргізбек. Ал Тайынша ауданындағы “Тайынша май“ ЖШС-і 2020 жылы күнжара (құнарлы мал азығы) шығаратын цех салады. 

Бұдан бөлек, 2020 жылы германиялық “CLAAS” компаниясы комбайн құрастыратын зауытты іске қоспақ. Сапалы ауыл шаруашылығы техникасын шығару бойынша әлемдегі көшбасшы компания жылына 300 техника жасауды мақсат етіп қойған. Қолға алынып жатқан жобалардың қатарында фанера зауытын (“Солтүстік фанера комбинаты” ЖШС-і), ағаш өңдеу зауытын (“Траст Петролеум” ЖШС-і), көтерме-бөлу орталығын (“Радуга” ЖШС-і), жел энергиясы паркін (“ENERGO TRUST” ЖШС-і), заманауи қонақүй кешенін салу секілді ірі жобалар бар.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшеновтің айтуынша, өңірімізде аграрлық салаға инвестиция тарту бойынша жұмыстар ойдағыдай жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың он айында 86,3 млрд. теңге тартылған. Былтыр облыста төрт тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілсе, биыл үш ферма іске қосылды. Ал 2020 жылы 4 мың басқа арналған 8 тауарлы-сүт фермасы іске қосылып, 170 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі уақытта Ғабит Мүсірепов атындағы, Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарында сүт фермасының құрылысы басталды. Сондай-ақ, Ақжар мен Айыртау аудандарында 3 және 10 мың басқа арналған бордақылау алаңдарын салу көзделуде.
– Шетел инвесторлары Қызылжар өңіріне қызығушылық танытуда. Себебі, жұмысын бір жолға қойып, шаруасын сәтті жүргізіп жатқан компанияларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Қазір олар біздің өңірде нәтижелі жұмыс істеуде. Шетелдік инвесторларды тарту бойынша жұмыстар әрі қарай жалғасады, – деді Құмар Ақсақалов.
Соңғы жылдары инвесторлар құрылыс саласына да басымдық беруде. Нәтижесінде Петропавл қаласында жаңа шағынаудандар бой көтеріп, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынуда. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Серік Мұхамадиев өз баяндамасында биыл бұл салаға 22,3 млрд. теңгенің инвестиция­сы тартылғанын айтты. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 30 пайызға артық.
2020 жылы облыста пайдалануға берілетін нысандар аз емес. Қазіргі уақытта 29 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын “Севимсталькон”, “Основание”, “Зерттеу”, “Стройкомпания” құрылыс компаниялармен қатар “Retail Construction”, “Future KAZ”, “Zinvest”, “ПЗСМ” және “ККК Инжиниринг” серіктестіктері жүргізуде. Бір атап өтерлігі, құрылыс жұмыстарына компаниялардың жеке қаражаттары бағытталған. Сондай-ақ, “Титан-Север” ЖШС-і алдағы жылы керамикалық кірпіш шығаратын желіні іске қосуды жоспарлауда. Жобалық құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын цех тәулігіне 100-150 мың кірпіш шығарады деп күтілуде. Жергілікті компаниялардың құрылыс материалдарын басқа өңірлерден тасымалдайтынын ескерсек, бұл жоба алдағы уақытта құрылыс жұмыстарының шығынын азайтуға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, Уәлиханов ауданындағы “Қызыл-Ту” мен Ресейдің “Красная поляна” станцияларын жалғайтын темір жол салу жобасы таныстырылды. 2020-2021 жылдары аралығында жүз шақырымдық жолды салуға 28 млрд. теңге жұмсалмақ. Бұл жоба толық жүзеге асырылса, құрылыс материалдарын тасымалдау уақыты 5 күннен 14 сағатқа дейін қысқарады. Елордалық “Global Gas Group” компаниясы Петропавл қаласында сұйылтылған табиғи газ кешенін салуды жоспарласа, “Горгаз-Сервис” ЖШС-і көліктік-логистикалық орталықтың құрылысын бастауды көздеп отыр.
Кеңеске қатысқан кәсіпкерлер мен инвесторлардың қолға алынған жобалары туралы есебін тыңдаған облыс әкімі оларды кездескен кедергілерді бірлесіп шешуге шақырып, жергілікті билік тарапынан әрқашан қолдау болатындығын айтты.

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp