«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ КАРТАСЫНА – 32 ЖОБА

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен “Үдемелі индустриялық-инновациялық даму” мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығының Индустрияландыру картасына жобаларды енгізу жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

– Бұған дейінгі үйлестіру кеңесінің отырыстарында 32 жоба қарастырылып, сомасы 26,6 млрд. теңгенің 27 жобасы мақұлданған болатын. Бүгін кеңес мүшелерінің назарына инвестиция көлемі 2,5 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба ұсынылып отыр. Оларды пайдалану кезінде 250 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда, – деді аталмыш шараны ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Индустриялық-инновациялық даму басқармасы бөлімінің басшысы Ержан Иманслям Индустрияландыру картасына енгізілуге ұсынылып отырған 5 жобаны кеңес мүшелеріне таныстырды.

Тимирязево ауылындағы “КЭСС” ЖШС ұн үгу комбинатын жаңғыртуды қолға алып отыр. Жобаның жалпы құны – 546 млн. теңге, оған серіктестік қаражатын жұмсамақ. Құрылыс кезінде – 25, өндіріс толығымен іске қосылғанда 100 адам еңбек ететін болады. Жаңғыртылатын нысанға шетелдік жаңа технологиялар пайдаланылады. Бүгінгі күнге дейін құрал-жабдықтар орнатылған. Жоба “Бизнестің Жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуды қажет етеді.

Ерік Хамзаұлы жұмыс сапары кезінде аталмыш серіктестіктің ұн үгу комбинатымен танысқанын, оған заманауи техникалар орнатылып жатқандығын, онда еңбек ететіндердің айлық еңбекақысы 80 мың теңгеден кем еместігін, келер жылы іске қосылатын жобаны қолдайтындығын жеткізді.

“ИКЕА ТАС-ГРУПП” ЖШС Аққайың ауданында диірмен кешенін салуда. Оған 500 млн. теңге қаржы жұмсалмақ. Өндіріс орны бір жылда 40 мың тонна ұн өндіретін болады. Жоба энергия тиімділігі мен экология талаптарына жауап беретін технологиялық үдерістерді пайдаланады. Қазіргі кезеңде жоба құнының 10 пайызы игерілген. Диірмен кешенін 2015 жылдың маусым айында іске қосу жоспарланып отыр.

Серіктестік өкілі Денис Дудиновтың айтуына қарағанда, диірмен кешеніне қажетті технологиялық жабдықтарды импорттау кезінде кедендік баж алымынан босату бойынша мемлекеттік қолдау қажет, астық қабылдау кәсіпорнына кіреберіс жол да нашар.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов серіктестіктің элеваторын ауа райы жағдайына байланысты биыл толық іске қосуды тапсырды.

Петропавл қаласындағы “DEZ” ЖШС диірмен кешенінің өндірістік қуаттылығын арттыру үшін сыйымдылығы 12 мың тонналық астық сақтайтын ангар салуды қолға алмақ. Құрылыстың жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, жинақтаушы материалдары жеткізілген, іргетасы құйылған. “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында электрлендіру және аумақты жарықтандыру бойынша мемлекеттік қолдау қажет.

“PETROMALY COMPANY” ЖШС диірмен кешенін салу арқылы астық өңдеу кәсіпорнын ашуды мақсат етеді. Серіктестік директоры Рудик Артунянның айтуы бойынша, бір жылда 20 мың тонна жоғары сапалы ұн өндіруді жоспарлап отырған кәсіпорынның құрылысына 500 млн. теңгенің қарыз қаражаты пайдаланылмақ.

Бұл күнгі ерекше жоба – “Фармсептика” ЖШС-нің отандық таблеткалы залалсыздандыру дәрілері өндірісі болды. Ол 2014-2015 жылдары жүзеге асырылмақ. Оған серіктестіктің 153 млн. теңге өзіндік қаражаты, 259 млн. теңге қарыз қаражаты жұмсалады деп жоспарлануда. Облыс орталығында салынатын кәсіпорынның біржылдық қуаттылығы – 320 мың килограмм таблеткалы дәрі. Қазіргі кезде құрылысқа арналған жер телімі беріліп, негізгі өндірістік және әкімшілік ғимараттары салынған. Импорт алмастыруды және өнімдерін ТМД мен Кеден одағы елдеріне экспорттауды, отандық өнімнің нарықтағы бәсекелестігін дамытуды мақсат ететін жобаға кепілді жәрдемқаржыландыру, өндірістік аумақты инженерлік желілермен қамтамасыз ету, сумен және жылумен жабдықтау, кәріз тарту сияқты мемлекеттік қолдау шаралары қажет.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов инфрақұрылымға қажетті жобалық-сметалық құжат әзірлеуді жоба жетекшісі Тимур Сейтеновке, жаңа өндіріс орнының мұқтаждықтарымен жан-жақты танысуды Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов пен энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Антон Федяевқа тапсырып:

– Өңірімізде өз бетінше құрылыс жүргізіп жатқан нысандар аз емес, оларға Үкімет тарапынан қолдау көрсету үшін мемлекеттік бағдарламаға енгізу керек. Бұл істі бақылауды облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов жүзеге асыратын болады, – деді.

Сонымен үйлестіру кеңесінің отырыстарында алдағы екінші бесжылдықтың Индустрияландыру картасына енетін 32 жоба мақұлданды.

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp