Арнайы білім беру саласы педагогикалық қызметкерлерін тоғыстырған республикалық конференцияда еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту, оларды қоғамға бейімдеу мәселелері сөз болды. “Арнайы білім беру: тәжірибесі, мәселелері және дамыту басымдықтары” тақырыбына арналған жиынға облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова қатысты.
Конференцияға қатысушыларды облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан құттықтаған Анархан Дүйсенова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауындағы мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға “кедергісіз аймақ” құру керектігі жөніндегі тапсырмасын алға тартты. Ол жиналғандарды облыстың 18 жасқа дейінгі төрт мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балаларымен жүргізіліп жатқан жұмыспен таныстырды.
Осы орайда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің бас маманы Күлмария Оразғалинова аталмыш мәселе бойынша Солтүстік Қазақстан облысының ежелден жинақталған мол тәжірибесін еліміздің барлық өңірлеріне таратуды көздеп отырғандарын жеткізді. Оның айтуынша, 2015 жылы Қазақстан мүгедектер құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады. Бұл мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі құқықтарының толық іске асуына біртіндеп қол жеткізуге жол ашады. Конвенцияны ратификациялауға қатысқан мемлекеттер оның барлық шарттарын қолдауы керек. Соған орай 2020 жылға дейін жалпы білім беретін ортада мүмкіндігі шектеулі балалардың 50 пайызын инклюзивті түрде оқытуға жағдай жасалуы тиіс. Мектептердің 70 пайызы мүмкіндігі шектеулі балаларды қабылдауға дайын болуы, оған жағдай жасаулары керек. Қазіргі таңда мектептердің 30 пайыздан астамында осы жұмыс қолға алынуда.
Конференцияға қатысушылардың пікіріне сүйенсек, инклюзивтік оқытуды жалпы білім беретін мектептер үдерісіне енгізуде қиындық бар екен. Жиында жалпы білім беретін мектептерде инклюзивтік оқытуға қажетті нормативтік-құқықтық базаның жоқтығы, арнайы білім беретін кадрлардың немесе мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеу тәжірибесі бар мамандардың тапшылығы, материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі, адамдардың мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім беретін мектептердің оқушыларымен қосып оқытуға дайын еместігі бүкпесіз айтылды. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының көру мүмкіндігі шектелген балаларға арналған мектеп-интернатының директоры Ғұбаш Арыстанбектің айтуынша, ірі жазулы оқулықтар, Брайль әрпімен жазылған қағаздар жоқ, оқу құралдарын мұғалімдер қолдан жасайды, арнайы педагогтер жеткіліксіз. Сондықтан жалпы білім беретін мектептерді инклюзивтік оқытуға көшіруге әлі ерте. Сондай-ақ, қатысушылар арнайы білім беру мәселелерін шешу барысында түзеу педагогикасы, кадрларды даярлау, мүмкіндіктері шектеулі балаларды өмірге дайындап, кәсіби тұрғыдан оқыту, тағы басқа мәселелер туралы ойларын ортаға салып, өздерінің осы бағытта атқарып жатқан жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.
“Біз дамыған елу мемлекеттің құрамындамыз, отыздыққа кіруге талпынып отырмыз. Осының өзі бізді мүгедектердің әлеуметтік қорғалуына міндеттейді. “Тамшы тасты теседі” демей ме дана халқымыз? Мүгедектер мәселесін біз айтпасақ, оны бізге ешкім шешіп бермейді”, – деген есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының директоры Жангелді Тәжин Білім және ғылым министрлігінде инклюзивтік білім беруге байланысты арнайы бөлім ашылғанына педагогтердің қуанышын жеткізіп, бүгін ұсынған мәселелерінің ертең министрлікте қаралып, оң шешімін табатынына сенімін білдірді.
Республикалық конференцияға қатысушылар Петропавл қаласындағы тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған интернат-үйі мен №13 орта мектепте, көздері нашар көретін балаларға №44 орта мектепте арнайы ашылған сыныпта, есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатында, даму мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған №1, №2 арнайы (түзету) мектеп интернаттарында, түрлі бағыттардағы инклюзивтік топтары бар “Батыр”, “Болашақ”, “Солнышко” балабақшаларында болып, олардың жұмысымен танысты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.