Біздің аулада 8-9 жас шамасындағы қыз бала тұрады. Бір байқағаным, ол өзімен шамалас балаларға қосылмай, әжесінің жанынан шықпайды. Сөйтсем, ол мылқау екен. “Ауру кірді – әлек кірді” деген осы болар. Қаршадай баланы жападан-жалғыз осындағы мектеп-интернатқа жіберуге қимай, ауылдағы жалпы білім беретін мектепке бердік. Онымыздан түк шықпады. Құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын баламен сыныптастары да араласып кетпеді. Денсаулығында мұндай кінәрат бар баламен жұмыс істеу жолын арнайы білімі болмаған соң мұғалім де таба алмады. Сосын уақытты өткізіп алмайық деп немереміз үшін қалаға көшіп келдік. Қазір есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатына апарып жүрмін”, – деп ішіндегі шерін тарқатты әжесі.
Бұл – бір баланың, оның отбасы мүшелерінің ғана қайғысы. Ана үшін бел омыртқасын үзіп, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, осынау ғаламат дүниеге әкелген сәбиінің өмір бойы құстың сайрағанын, судың сылдырап аққанын, домбыраның қос шанағынан төгілген күй құдіретінің ғажайып дыбысын, тағы басқаны естімей өтетінін білуден асқан азап жоқ. Ал қазір біздің қоғамымызда есту қабілетінен айрылған, соның салдарынан тілі де шықпаған балалар қаншама?!
Бейресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстан бойынша жалпы денсаулығында кінәрат бар 120 мыңнан астам бала тіркелген екен. Соның 10 мыңы саңырау және нашар еститін бала ретінде еліміздің психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларында есепке алынған. Еш жерде тіркелмей жүргендері қанша екені тек Аллаға аян. Балалардың еш білім алмай, күн кешуінің себебі неде? Бұл жағдайда ауылдық жерлерде арнайы білім мекемелерінің жоқтығын, сондай-ақ, ата-ананың есту және тіл кемістігі бар сәбиін өздерінен жыраққа жібергісі келмей, қастарында ұстағысы келетінін басты себеп деуге болатын сияқты. Жібергеннің өзінде мектепке баратын шағынан кешіктіріп, арнайы білім ошағына 9-10 жасқа келген кезде бірақ береді. Ауылдан келген есейіп қалған балаға білім беру үшін мамандар оны 6 жастағы бүлдіршіндермен қосып оқытуға мәжбүр болады.
Алайда, аталмыш жағдайдан шығатын жолды АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Германия сияқты дамыған әлем елдері инклюзивті білім беру арқылы шешкен. Инклюзивті оқыту дегеніміз, ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептерде дені сау балалармен бірге оқуын білдіреді. Инклюзивті оқыту негізінде балалар құқығын кемсітпеу, барлық адамдардың теңдік қатынасын қамтамасыз ету, сонымен бірге ерекше оқыту қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Көршілес Ресейде де 1991 жылдан “Мүмкіндігі шектеулі балаларды интеграциялау” жобасы іске асырыла бастады.
Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, біздің еліміз де инклюзивті оқыту қағидаларын жүзеге асыруды қолға алды. Облыстық білім басқармасының бас маманы Құдабай Елеукиннің айтуынша, елімізде инклюзивті білім беру жүйесінің дамуы туралы ресми дерек “Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында” көрсетілген. Ол бойынша елімізде 2020 жылға дейін инклюзивтік білім берумен мүмкіндігі шектеулі балалардың 50 пайызын қамту көзделсе, оған жағдай жасаған мектептер үлесі 70 пайызға жету керек. Осы бағдарлама төңірегінде инклюзивті білім беруді жетілдіру мәселелері қарастырылуда.
– Үстіміздегі оқу жылында облыс бойынша 4731 бала ерекше білім беруді қажет етсе, оның 1453-і – мүгедек. Бүгінде өңіріміздегі 336 жалпы білім беретін мектепте 1659 бала сау балалармен бірге оқытылады. Есту кемістігі бар балаларға келетін болсақ, тізімдегі 101 бала мүлде естімейді, тағы 85 жеткіншек нашар естиді. Петропавлдағы есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернаты бұған дейін 200 оқушыны қамтып келген, қазіргі таңда онда 144 балғын білім алуда, – дейді Құдабай Мырзашұлы.
Сурдопедагог мамандардың айтуынша, ерекше оқытуды қажет ететін балаларды жалпы білім беретін мектептердегі оқушылармен қосудың жағымды жағы – олар ым тілін қолданбай, бірден сөйлеуге мәжбүр ететін ортаға түседі, бұл балалардың тілін дамытады. Оқытудың бұл түрі арқылы мүмкіндігі шектеулі бала ата-анасынан алшақтамай, тұрғылықты жерде білім алып, қоғаммен біте қайнасып, әлеуметтік жағынан бейімделеді. Ата-анасы да баласының дамуы мен тәрбиесіне белсене қатысып, жеткіншек алдындағы жауапкершіліктері артады.
Алайда, ата-аналардың көпшілігі есту кемістігі бар балалар жалпы білім беретін мектептерде оқи алмайды деген пікірде. Олардың айтуынша, мектептер сурдотехникалық құралдармен жабдықталған болуы, оқыту бағдарламасына балалардың есту қабілеттерін дамытатын, сөйлеу ырғағын қалыптастырып, түзететін арнайы бейімделген элементтер енгізілуі керек. Сыныптағы оқушылар саны да 10-12-ден аспауы және жалпы білім беретін мектеп педагогінің дефектолог мамандығы болуы қажет.
– Меніңше, дені сау бала мен есту қабілетінде кінәрат бар бүлдіршінді салыстыруға келмейді. Аурудың зардабын ауру баққан біледі. Олардың арасында кез келген сау адам байқамайтын кедергі бар. Естімейтін бала сөйлей де алмайтыны түсінікті. Тілі дамымаған бала жалпы білім беретін мектепте ешқандай коррекциялық көмек алмайды. Бұл баланың сабақ үлгеріміне, жалпы дамуына теріс әсер етеді. Осындай жағдайлар көбінесе баланың шеттетілуіне, келемеж етілуіне әкеп соқтырады, – дейді Жұпар есімді ана (өтініші бойынша есімі өзгертілген – Л.Ж.).
Петропавлдағы есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының директоры Жангелді Тәжиннің сөзіне қарағанда, аталмыш мекеме осы санаттағы балаларды үш жастан бастап қабылдайды. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі үш топта барлығы 25 бүлдіршін тәрбиеленуде. Соның алтауы даярлық сыныбында оқиды. Мүлде естімейтін және шала еститін балалар тіл дамытуға, музыкалық ырғаққа, математикалық түсінікке, бейнелеу өнеріне, қоршаған ортамен танысуға, арнайы әзірленген рөлдік-сюжеттік ойындар арқылы жаттығады. Сондай-ақ, олар дыбыстарды, буындар мен сөздерді айтып үйренеді. Ол үшін білім мекемесінде инновациялық технологиялар кеңінен қолданылады. Әсіресе, балаларға компьютерлік бағдарламалардың көмегі зор. Олар балғындардың көру, есту, есте сақтау, сөйлеу, ойлау қабілеттерін дамытады. Арнайы бағдарламалар әр баланың ерекшеліктерін ескере отырып, жеке қолданылады және жаттығулардың дұрыс орындалуы, жүктеменің мөлшері мамандардың бақылауында болады.
Есту кемістігі бар баланың дамуына барлық мүмкіндіктер жасалған аталмыш мектеп-интернатқа балаларын жібергісі келмейтін ата-аналар да бар екен.
– Ауылдық жерлерде балаларын мектеп-интернатқа көпшілігі жібергісі келмейді. Сондықтан психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация мамандарының тексеруінен өткеннен кейін құлақтарының есту деңгейіне қарай, шала еститін балалар ата-аналарының өтініші бойынша жалпы білім беретін мектептерге жіберіледі. Онда мұғалімдер мен мектеп директорлары алдын ала ескертіліп, бала алдыңғы партаға отырғызылады. Баласын қай мекемеде оқыту тиімді екенін таңдау тек ата-ананың құзырында, біз оларды мәжбүрлей алмаймыз, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Құдабай Елеукин.
Демек, қазіргі таңда ерекше оқытуды қажет ететін балаларға мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалуда. Ал баласының болашағын ойлаған ата-ана оны шалғайдағы мектеп-интернатқа жібере ме немесе сау балалармен бірге жалпы білім беретін мектепте оқыта ма ерік өзінде. Тек есту кемістігі бар балғын еш жерде оқымай, “дыбыссыз әлемде” мәңгілікке жалғыз қалмаса игі.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.