Орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі пәні мұғалімдерінің мақсаты оқушылардың сөйлеу дағдыларын дамытып, сөздік қорларын молайтуды, қарым-қатынас біліктілігін қалыптастыруды, мемлекеттік тілді меңгертуге барынша жағдай жасауды көздейді.
Петропавл қаласындағы №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің мұғалімдері инновациялық технологияларды сабақ үдерісінде тиімді қолданады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологияға байланысты әлемдік стандартқа сай жаңа білім беру өте қажет. Білім ошағының Дина Нұрпейісова, Әлия Смаилова, Жанар Смаилова, Сәуле Аяғанова сынды ұстаздары: “Сыни тұрғыдан ойлау мен жазу”, “Сатылай кешенді талдау” және “Үш өлшемді әдістемелік жүйе” сияқты оқытудың жаңа технологияларын кеңінен пайдаланып, сабақтарын түрлендіріп береді. Осы технологиялар арқылы оқушының білімге құштарлығы артып, оны меңгеруде өз-өздеріне деген сенімдері қалыптасады. Мәселен, “Сыни тұрғыдан ойлау” технологиясы оқушылардың өз бетінше тұжырым жасау, қорытындыға келу, ұқсас құбылыстар арасынан тиімдісін таңдай білу, проблеманы шешу, пікірталасты жүргізе білу қабілеттерін қалыптастыруда тиімді. “Үш өлшемді әдістемелік жүйе” технологиясы оқушының шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталады. “Сатылай кешенді талдауда” оқушы өз ойын дәлелдеуге үйренеді, нақты, дәл жауап беруге тырысады, зерттеуге, салыстыруға жаттығады, өтілген жаңа тақырыптың қыр-сырын толық меңгереді.
Сонымен қатар мемлекеттік тілге оқушылардың қызығушылықтарын арттыру мақсатында мектебімізде түрлі кештерді де жиі өткізіп тұрамыз. Солардың біріне Шынарлы Мағжанова, Айгүл Төлебаева, Алмагүл Мәкішова сияқты тәжірибелі ұстаздардың жетекшілік етуімен өткізілген “Поэзия падишасы” атты әдеби-сазды кешті жатқызуға болады. Шара халық ардақтысы, қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсыноваға арналды. Онда оқушылардың өздері ақынның өмір белестері, шығармашылығы туралы бейнефильмдер дайындап, жырларын оқып, өлеңдеріне шығарылған әндерін шырқап, өнерлерін ортаға салды. Музыка пәнінің мұғалімдері Ирина Шестакова мен Юля Казаринаның орындауында нақышына келтіре шырқалған “Фариза, Фаризажан, Фариза қыз” әні тыңдармандардың зор қошеметіне бөленді.
Біз өз сабақтарымызда инновациялық жаңа технологиялар мен осындай шараларды бір-бірімен ұштастыра отырып, болашақ ұрпақтың ұлттық құндылықтарымызбен сусындауына, поэзияға деген қызығушылықтарын арттырып, еліміздің өнер адамдарын құрметтеуге, отансүйгіштікке баулып, өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді еркін меңгерулеріне жетелейміз. Сондай-ақ, осы әдіс-тәсілдер оқушылардың білім сапасын арттыруға да тиімді.
Тұрсын ҚҰРМАНОВА,
№8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің қазақ тілі
мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Петропавл қаласы.