«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Интернет иірімінен

Есімі елімізге жақсы таныс айтыс ақыны, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұхаметжан Тазабеков таяуда “фейсбук” әлеуметтік желісін пайдаланушылармен бүгінгі жастардың жағдайы жөнінде пікірін бөлісіп, ойын ортаға салды. Жұртшылықтың кең талқысына түсіп, оқырмандардың назарын аударған ақынның ойын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

ОТБАСЫНА ИЕ БОЛА АЛМАҒАН …

Меніңше, мектепте ұл балаға “келешекте әке боласың, ертең отыңның басына ие болуың керек” деген сөздерді көбірек айту керек. Рас, біз оқушыны ғылымға бейімдеуге күш саламыз, “жақсы бол” дейміз, бірақ “сен еркексің, ертең үйдің иесі боласың, сол арқылы еліңнің сүйеуі боласың, мойныңда маңызды жауапкершіліктер бар” деген көшбасшылық қасиетті сіңіру соңғы кезекке ысырылып қалып жатады. Отбасына ие бола алмаған Отанына ие бола ала ма?

Екінші мәселе – біз қыз балаға мамандық иесі болуды, жақсы өнерпаз боп қалыптасуды немесе ғылымға, жаңашылдыққа құштар болуды үйретеміз де, бірақ “сен ана боласың” деген сөзді айтуға қысылатын сияқтымыз. Жоқ, бұл ешқандай да қысылатын нәрсе емес. Керісінше, қыз балаға үлкен жауапкершілік сезімін сыйлайтын қадам. Кез келген қоғамда жүрген мамандық иесі отбасында бәрібір де ана емес пе? Ал енді отбасында дұрыс ана бола алмаған адам Отанының қажетіне жарап жарыта ма?

ЖАСТАР ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ, ТЕК …

Бүгінде әрбір ата-ананың аузынан “Қазіргі жастардың заманы басқа” деген сөзді жиі естуге болады. Бұл сөз – негізі біздің қолымызды байлайтын сөз. Кейде әрекетсіздігімізді ақтау үшін де айтылатындай боп көрінеді. Неге десеңіз, біздің заманымызға дейінгі V ғасырда өмір сүрген Сократ айтады: “Қазіргі жастар салтанатқа әбден үйренді, олар нашар әдептерімен ерекшеленеді, абыройға нұқсан келтіреді, үлкенді сыйламайды, кішілер ересектермен сөз таластырады, тамақты қомағайлана жейді, мұғалімдерді титықтатады”. Байқасаңыз, мыңдаған жыл бұрын Сократ айтқан жастар мен бүгінгі өрендердің проблемасы бір секілді. Абайдың осыдан 150 жыл бұрын айтып кеткен ойы да біз дабыл қаққан бүгінгі қиындықтармен ұштасып жатыр. Заман да, жастар да, сана да, ақыл да сол қалпында. Алайда, өзіміз қаперсіздіктен тәрбиенің көп тетігін жіберіп алып жатқандаймыз. “Балаларымның заманы бөлек, басқаша ойлап, өздерінше шешім қабылдайды” деген сөздің “Олардың тәрбиесіне толыққанды араласа алмадым, енді сөзім өтпейді” дегенге нұсқау екені ащы шындық.

“БҰЛ – МЕНІКІ, МЕМЛЕКЕТ МҮЛКІ – БІРЕУДІКІ”

Елбасымыз айтқандай, әлемде туын тігейін десе, алақандай жері жоқ ұлттар бар. Олардың салт-дәстүрі, діні, тілі болғанымен, мемлекеті болмағаны себепті толық бақытқа жете алмай отыр. Мәселен, жастар саябақтарға барып, қалалық әкімшілік қойған әртүрлі орындықтарды бүлдіріп кетеді, түрлі әбес сөздерді жазып тастайды, сындырады немесе қарапайым ғана қоқысты арнайы ыдысқа тастамайды. Көрінген жерді бұзу – бұл әлі мемлекеттік сананың жетіспегендігінің көрсеткіші. Бесіктен белі шықпаған баланың еш нәрсені түсінбестен мемлекет басшыларына орынсыз сын айтуы, елінің жақсылығына қуана алмауы, жамандығына жаны ашымауы да сөзімізді айғақтайды. Мұның артында “Бұл – менікі, мемлекет мүлкі – біреудікі” деген сияқты стереотип тұр. “Жоқ, бұл – менің мемлекетім, осы мемлекет бай болса, дамыса, өркендесе, соның ішінде мен де жақсы боламын” деген түсінік қалыптаспай жатыр. Сондықтан өскелең ұрпаққа: “Бұл – сенің туың, бұл – сенің мемлекетің, сенің әнұраның”, – деген ұғымдарды сіңіре отырып, яғни ауылдың баласы, ағайынның баласы емес, Қазақстанның бір үлкен кірпіші болуды да үйрете алсақ, ұтарымыз көп болады.  

 (Ғаламтордан алынды).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp