«Транстелеком» акционерлік қоғамы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында «Талшықты-оптикалық байланыс желісінің технологиясы бойынша Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерінің кеңжолақты байланысқа қолжетімділігін қамтамасыз ету» жобасын жүзеге асыруда мемлекеттің әріптесі ретінде жұмыс істейді.
Осы жобаны жүзеге асыру шеңберінде «Транстелеком» акционерлік қоғамының Көкшетау филиалы Солтүстік Қазақстан облысының он ауданындағы он сегіз елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосты. Бүгіндері филиалдың қосқан талшықты-оптикалық байланыс желісінің ұзындығы 917 шақырым болды.
Үстіміздегі жылы біздің кәсіпорынның ұжымы Айыртау ауданындағы Құспек пен Лобаново, Ақжар ауданындағы Киевское, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Дружба, Есіл ауданындағы Александровка мен Ясновка, Жамбыл ауданының Буденное және Троицкое, Қызылжар ауданындағы Налобино мен Вагулино, Мамлют ауданының Новомихайловка, Белое және Афонькино, Тайынша ауданындағы Қараағаш, Уәлиханов ауданының Ақбұлақ, Шал ақын ауданындағы Жаңажол, Городецкое және Сухорабовка ауылдарын жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосу жұмыстарын аяқтады. Бұл елді мекендердегі ауылдық округтің әкімдігі, мектеп, учаскелік полиция пункті, фельдшерлік-акушерлік қосын сияқты әлеуметтік маңызды нысандар жоғары жылдамдықты интернет желісіне бірінші кезекте қосылды. Бүгіндері осы ауылдардың тұрғындары ғаламтордың игілігін көріп жатыр.
Біздің кәсіпорында абоненттерге қолайлы және оларға тұрақты қолдау болуы үшін аптаның барлық күндері ешқандай үзіліссіз байланыс орталығы жұмыс істейді. Біздің қызметтер туралы ақпараттарды 191 телефоны немесе support@ttc.kz. электронды поштасындағы қолдау қызметіне тапсырыс жіберу арқылы алуға болады.
Міндет ТАСБОЛАТ,
«Транстелеком» акционерлік қоғамы Көкшетау филиалының басқарушы директоры.