«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ИНФЕКЦИЯ КҮЗДЕ ТҰМАУМЕН БІРГЕ ӨРШУІ ЫҚТИМАЛ”

Елімізде қауіпті індет белең алғалы бері медициналық қызметкерлердің жауапкершілігі еселеп артты. Вируспен күресте емдеу мекемелерінің де жұмыс жүктемесі көбейді. Облыстық фтизиопульмонология орталығының мамандары да қауіпті індетпен күресте уақытпен санаспай еңбек етуде. Емдеу мекемесіндегі атқарылып жатқан жұмыстар туралы орталықтың бас дәрігері Қаныш Бижановпен сұхбаттасқан едік.

– Қаныш Болатұлы, әлем елдерін ты­ғы­рыққа тіреген коронавирус инфек­ция­­сы­ның таралуына байланысты ау­ру­дың ал­дын алу үшін облыстық фти­зиопульмоно­логия орталығында қан­дай жұмыстар жүр­гі­зілді? Бүгінде сақ­тық шаралары, қауіп­сіздік талаптары қалай орындалуда?

– Қытайдан бастау алған “COVID-19” ви­русы бізді де айналып өткен жоқ. Бүгінде об­лыстық фтизиопульмонология орталығын­да коронавирус инфекциясының таралуы­на жол бермеу мақсатында аурудың алдын алу үшін қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Емдеу мекемесінде санитарлық-дезинфек­циялық шаралар қатаң жүргізіледі. Меди­ци­налық қызметкерлерді жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуде қиындық туындаған емес. Диспансерде фильтр ка­бинеті ашылып, науқастар термометрия­лық тексеруден өткізілуде. Дене қызуы көтерілген адамдар оқшауландырылған. Туберкулезге шалдыққан науқастардың ден­саулық жағдайына қарай отырып, ба­сым көпшілігіне амбулаторлық ем та­ғайын­далды. Қашықтан бейнебақылау арқылы емдеу әдісі кеңінен қолданылуда. Сондай-ақ, емханаларда мобильді топ жасақталып, жауапты медициналық қызметкер дәрі-дәрмектерді кейбір науқастардың үйлеріне апарып беруде. Олар емделушілердің дәріні қабылдауын мұқият қадағалайды. Үстіміздегі жылдың сәуір айында орталық­та “COVID-19” инфекциясын ерте кезеңде анықтайтын вирусологиялық зертхана ашылды. Оған 17,5 миллион теңге тұратын соң­ғы үлгідегі “Automag 96” құрылғысы са­тып алынды. Бұл зертханаға өңірдегі ау­руханалардан алынған сынамалар жолда­нады. Вирусологиялық зертхана медици­налық құралдармен жабдықталып, маман­дар жеке қорғаныш киімдерімен, залал­сыз­дандыру мақсатында қолданылатын анти­сеп­тиктермен қамтамасыз етілді.

– Жыл басынан бері бұл мекемеде қан­­ша науқас ем қабылдады? Қазіргі таң­да олар­дың жағдайы қалай?

– Биыл орталықта жұқпалы дертке шал­дыққан 810 науқас ем қабылдады. Қазір соның 512-сі емделуде. Олардың бірқата­ры Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан бөлімшеде стационарлық ем алуда. Диспансерлік есепте тұратын нау­қас­тардың жағдайлары жақсы. Пандемия кезінде туберкулезге шалдыққан науқастар саны өскен жоқ. Керісінше, өткен жылмен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 20 пайызға төмендеді. Яғни, өткен жеті айдың қорытындысы бойынша 153 адам тубер­кулезге шалдықса, былтыр осы кезеңде 194 науқас есепке алынған болатын. Ал коронавирус жұқтырып, біздің орталықта емделген науқастардың дені – елуді ең­серген адамдар. Бұл дертке шалдық­қан­дарды әлемдік тәжірибеге негізделген хат­тамаға сәйкес емдеудеміз.

– Бүгінгі таңда пневмонияға, туберку­лез­ге шалдыққан сырқаттарды емдеуде қан­дай қиындықтар орын алуда? Жал­пы, орта­лықта қанша адам жұмыс істей­ді. “COVID-19” вирусымен күрес жүргі­зу­де алғы шеп­тен көрінген медициналық қыз­меткерлерге тиісті үстемеақы төлен­ді ме?

– Құрт ауруына шалдыққан науқастарды емдеу бұрыннан оң жолға қойылған. Қазір облыстық фтизиопульмонология орталы­ғын­да 6 айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Пневмонияға шалдыққан және коронави­рус инфекциясын жұқтырған науқастар үшін де барлық жағдай жасалуда. Бүгінде орталықта 43 дәрігер мен 162 медбике жұ­мыс істейді. Коронавирус індетін жұқ­тырған науқастарды емдеуге біздің медициналық қызметкерлер де жұмылдырылды. Өз өмір­леріне төнген қауіп-қатерге қарамай, күні-түні тынымсыз еңбек еткен ақ халатты абзал жандарға маусым-шілде айларында тиісті үстемеақы төленді.

– Шіліңгір шілдеде пневмонияға шал­дық­қан науқастар саны күрт өсті. Ма­ман­­дар оны коронавирус инфекциясы­мен бай­ланыстырады. Сұрайын деге­нім, осы қауіпті індетке шалдыққан нау­қас­тар оны екінші рет жұқтыруы мүмкін бе?

– Өткен айларда өкпесі қабынған тұр­ғындар саны көптеп тіркелді. Әрине, бұл қа­уіпті инфекциямен тығыз байланысты. Қа­зір елімізде коронавирус және пневмония ауруларының статистикасы біріктірілді. Полимеразды тізбекті реакция әдісі бойын­ша жүргізілген тест нәтижесінде “COVID-19” вирусы анықталмауы мүмкін. Алайда, аурудың клиникалық көрсеткіші бойынша ол коронавирус инфекциясы болып сана­лады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақ­станда қауіпті індетті екінші мәрте жұқты­рып алғандар әзірге тіркелген жоқ.

– Инфекциялық ауру өршіген тұста (мау­сым, шілде айлары) ауруханаларда орын жетіспеді. Кейбір емдеу мекемелерінде қо­сымша провизорлық стацио­нарлар ашыл­ды. Сіздерде орын тапшы­лығы болды ма?

– “СОVID-19” вирусы анықталған нау­қас­тарды емдеу жөніндегі іс-шаралар ая­сын­да облыстық фтизиопульмонология орта­лығында маусым айында 60 орындық ин­фек­циялық бөлімше ашылды. Індет жұқ­тырған тұрғындар санының күрт өсуіне бай­ланысты қосымша төсек-орын дайындалды. Сонымен, қазір 160 орынға шақталған ин­фекциялық стационар жұмыс істейді. Бү­гінде орын тапшылығы жоқ.

– Мамандар күзде аталмыш індеттің өр­шу қаупін болжауда. Сіздер оған қан­шалықты дайынсыздар?

– Эпидемиологтар мен зерттеушілердің болжамы бойынша, коронавирус инфек­ция­­сы күзде тұмаумен бірге қайта өршуі ық­тимал. Екінші толқынға дайындық ша­расы ре­тінде орталықта дәрі-дәрмек қоры жаса­луда. Алдағы маусымға инфекциялық ста­ционар қажетті дәрі-дәрмектермен қамта­масыз етілуі керек. Ол үшін бірыңғай дис­трибьютор “СК Фармация” компания­сы­на тап­сырыс бердік. Қазір жан сақтау бө­лім­ше­сін­де бес жасанды тыныс алу ап­параты бар.

– Өкпесі қабынған науқастар ауруха­на­дан шыққанымен, оларға ерекше кү­тім қа­жет. Дәрігер ретінде қандай кенес бересіз?

– Ауруханада емделіп, үйге жазылып шыққан адам тек дәріге үміт артпауы керек. Қауіпті індеттен өкпеге зақым келсе, тыныс алу жаттығуларын жасау керек. Бұл ағза­ның қызметін ретке келтіреді. Сондықтан науқастарға тыныс алу гимнастикасын жа­сауға кеңес береміз. Бұл – ең қарапайым жат­тығу. Оны үйде күн сайын үш рет 15-20 минуттан жасау керек. Сондай-ақ, оңалту шаралары ретінде халық емінің де алатын орны ерекше. Бұл орайда, қымыз, шұбат сияқты ұлттық сусындардың шипасы зор. Асқазан жарасы болмаса, дәрумендер мен микроэлементтерге бай осындай құнарлы сусындар ағзаға пайдалы. Олар адамның қорғаныш қабілетін арттырады.

– Орталықта, негізінен, туберкулез­бен ауыратын науқастар емделеді. Ко­ро­на­вирус деп жүріп, оларды назардан тыс қал­дырмаған шығарсыздар. Жалпы, осы ауру­дан құлантаза айығу мүмкін бе?

– Туберкулез – ежелден келе жатқан жұқ­палы ауру. Ауру дер кезінде анықталса, то­лық сауығуға мүмкіндік бар. Тек емдеу ша­ралары біршама уақытқа созылады. Ең бас­тысы, науқастар дәрігер тағайындаған емді үзбеуі керек. Бұл дертті емдеудің толық кур­сы тегін жүргізіледі. Қазіргі уақытта об­лыс­та аурудан айығу нәтижесі оң көрсеткішке ие. Мәселен, туберкулездің ашық түрімен бірінші рет ауырған науқастардың айығуы 89,4 пайызды құрайды. Өткен жеті айда 256 адам осы аурудан құлантаза айықты. Бала­лар арасында да туберкулезге шалдығу көрсеткіші күрт азайды. Соңғы жылдары ерте жастан жұқпалы ауруға шалдыққан балалар тіркелген жоқ. Мұндай көрсеткішке ауруға қарсы иммундау шараларының нәтижесінде қол жеткіздік.

– Тұрғындар арасында аурудың ал­дын алу бағытында қандай жұмыстар жүр­гізі­леді және емдеу мекемесінің ма­те­риал­дық-техникалық базасына тоқ­талып өтсеңіз.

– Тұрғындар арасында ауруды дер ке­зінде анықтау мақсатында емханаларда флюорографиялық тексерулер жүргізіледі. Әр адам өзінің денсаулығына жауапкер­ші­лікпен қарап, жыл сайын тексеруден өтуі тиіс. Ауру белгісі анықталса, бірден дә­рі­гердің көмегіне жүгінген абзал. Жөтел, әл­сіздік, тәбеттің төмендеуі, дене салмағы­ның азаюы, кеуде қуысының ауруы, тер­шең­дік, дене қызуының көтерілуі негізгі ауру белгілері болып саналады. Туберку­лез­дің алдын алу шаралары екі бағытта жүргізіледі. Дүние есігін ашқан сәбилерге перзентханада туберкулезге қарсы екпе қойылады. Иммундау шарасы екінші мәрте 6-7 жаста жүзеге асады. Алдымен манту сынамасы жүргізіледі. Балалар арасында туберкулезді дер кезінде анықтау үшін ту­беркулин сынамасы мен диаскентест әдісі қолданылады. Инфекция жұқтырған бала­ларға алты ай көлемінде химио­профилак­тикалық ем тағайындалады. Науқаспен бай­ланыста болған адамдар үшін ауру жұқты­ру қаупі зор. Сондықтан тазалық тәртібі мен сақтық шараларына мән берген жөн.

Диспансердің бірер бөлімшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтқан жөн. Ота жасау және жансақтау бөлім­ше­лері заманауи медициналық құралдармен жабдықталды. 2017 жылы диспансердің негізгі ғимараты күрделі жөндеуден өткен болатын. Науқастар үшін серуендеу алаңы кө­галдандырылды. Сондай-ақ, бактерио­логиялық зертхана мен аурухананың екі же­делсатысы жөнделді. Биыл да ауруханада жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Алдағы уақытта орталықта пульмонология бөлімшесін ашу жоспарда бар.

Сұхбаттасқан

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp