Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновтің төрағалығымен ипотекалық тұрғын үй несиелерін қайта қаржыландыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Онда комиссия төрағасы алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асырылып отырған мемлекеттік бағдарлама бойынша қайта қаржыландырудың маңызына тоқталып, осы мәселе бойынша құрылған жұмыс тобының алғашқы мәжілісіне жиналғанын айтты.
Жиында жұмыс тобының жетекшісі – Ұлттық банк филиалының директоры Жомарт Қажырақымов “проблемалық” қарыздарды қайта қаржыландыру тетіктеріне тереңірек тоқталды.
Оның айтынша, біздің облыс тұрғындарының бағдарлама ережесіне сәйкес 2004 жылғы 1 қаңтардан 2009 жылғы желтоқсанға дейін берілген 1З0 млрд. теңгенің ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру мүмкіндіктері бар. Қарыз З пайыздан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша, қарыз мерзімін 20 жылға дейін ұзарту арқылы және валюталық қарыздарды теңгеге айырбастау жолымен қайта қаржыландырылады. Сондай-ақ, қайта қаржыландырылатын тұрғын үй көлемі 120 шаршы метрден аспауы керек. Өзге өңірлердегідей емес, бізде әр қарызгердің ипотекалық берешегі 50- 60 мың доллардан аспайды.
Сондай-ақ, жұмыс тобының жетекшісі ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландырумен облыста екінші деңгейлі 9 банк филиалы айналысатынын айтты. Олардың 4-еуіне қазірдің өзінде қажетті қаржы бөлінген. Сондықтан осы отырыстан бастап аталмыш жұмыс тобы түскен өтініштерді қарап, өз шешімдерін шығара бастайды.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.