Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Петропавлдағы Спорт сарайында тәртіп сақшылары арасында қазақ күресінен “Полиция барысы” облыстық жарысы өз мәресіне жетті. Додаға 17 командадан 38 балуан қатысып, бақтарын сынады.
Спорттық шараның салтанатты ашылу рәсімінде облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов қатысушыларға сәттілік тілей келіп, №2032 әскери бөлімнің командирі, полковник Әділбек Мусинге “Динамо” ДСҚ 90 жыл” медалін, облыстық ішкі істер департаментінің жекпе-жек нұсқаушысы Виктор Денисенкоға “Динамо қозғалысын алға бастырғаны үшін” медалін, ал өткен жылы “Полиция барысы” атанған Азат Шаукеровке “Құрметті динамошы” белгісін табыстады.
Балуандардың ақтық сынында мамандандырылған күзет басқармасының өкілі, полиция сержанты Азат Шаукеров пен Ұлттық ұлан Әскери институтының өкілі, сержант Исатай Мүкарамов кездесті. Боз кілемдегі бәсекеде самбодан спорт шебері Исатай Мүкарамов басымдық танытып, жеңіске жетті. Ал облыстық ішкі істер департаментінің қызметкері, полиция капитаны Ерік Құлжанов үздік үштікке енді.
(Өз тілшіміз).