Кезінде сарапшылар XX ғасырдың жантүршігерлік қайғысы – неміс фашизмі мен сталиндік тоталитаризмді христиан дінімен байланыстырған. Себебі, фашизмнің де, марксизмнің де отаны – Германия, ал советтік тоталитаризм – К.Маркстың пролетариат диктатурасы теориясының жемісі ғана. Дегенмен, фашизм де, советтік тоталитаризм де жеңіліс тапты. Христиан діні мен мәдениеті өз құндылықтарын мойындатты. Дін мен тоталитаризм, фашизмнің арасында байланыс жоқтығын уақыт дәлелдеді.
XX ғасырдың аяғы мен XXI ғасырдың басында шабуыл Ислам дініне, оның құндылықтарына бағытталуда. Олардың пікірлеріне қарасаңыз, әділдік, демократия, еркіндік мұраттары тек еуропалық, христиандық мәдениеттен туындайдымыс. Кедей, езілген, қысым көріп жәбірленгендерді христиан діні ғана қолдайтындай көрінеді.
Біздің заманымыздың маңызды белгісінің бірі – Исламның қайта түлеуі. Исламтану ілімінде капитализмнің де, социализмнің орнын басатын үшінші бағыт Ислам өркениеті болып есептелінеді. Батыс капитализмі мен демократиясы ар-ұяттан аттауға әкеліп, елдерін аздырды. Ал, марксизм болса, ашық құдайсыз, атеистік ілім, ал, имандылықты сақтайтын, дін мен заңды ұштастыратын Ислам ілімі ғана. Әлемде бүгін бір жарым миллиардқа жуық мұсылман бар деп есептелінеді. 57 елде олар сан жағынан басым, ал, 30 мемлекетте сан жағынан аз болғанымен, дін жағынан ықпалды топтар.
Жаңарған исламдану жолын таңдау барысында “Исламдық мемлекет”, “Исламдық экономика”, “Исламдық демократия” модельдері жүзеге асырылуда. Бұл модельдердің христиан дініндегілерден басты айырмашылығы діннің қоғамдағы алатын орнына байланысты. Христиандар үшін дін мемлекеттен бөлінген, мемлекет зайырлы болып есептелінеді. Исламда зайырлы мемлекет деген ұғым жоқ. Дін мен мемлекет, дін мен қоғам, дін мен саясат, экономика, тәрбие біртұтас қауымдастықты құрайды. Өз кезегінде Ислам діні христиандардың “Богу божье, а кесарю кесерево” деген қағидасын дін мен елді бөледі деп сынға алады. Батыс адамдарының моральдық азуын, жыныстық қатынастардағы шексіз еркіндігін, отбасылық қатынастардың дағдарысын, зорлық-зомбылық, нашақорлық пен маскүнемдіктің себебін діннің мемлекеттен бөлінуінен, діннің тәлім-тәрбиелік мәнінің әлсіреуінен деп түсіндіреді. Батыстың рухани дағдарысқа ұшырап отырғанымен, еуропалық сарапшылар да келіседі.
Бүгін бүкіл әлемнің назарын аударып, көп айтылып та, жазылып та жүрген жалғыз дін – ол Ислам. Мәселе, мұсылмандардың санының өсуінде ғана емес, оның саяси белсенділігінде. Ислам – бүгін ең қуатты, ең өміршең дін. Жан қиярлықтай құштарлықпен берілу басқа діндерге тән емес. Ислам – өмірдің тірегі, барлық дүниенің өлшемі. Сонысымен де өз үмбеттерін көбейтеді, біреулерге қуат береді, біреулерге үрей туғызады. Ислам феноменінің де, исламофобияның да себептері осында.
Амангелді АЙТАЛЫ,
философия ғылымдарының
докторы, профессор.
(“Ақиқат” журналы,
№11, 2014 жыл).