Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Италияның «Prosol Spa» компаниясының өкілдерімен кездесті. Келіссөздерге компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Адальберто Вилла мен атқарушы директоры Даниэле Бонвичини қатысты. Тараптар облыс аумағында ашытқы өндіретін зауыт салу жобасын талқылады.
Кездесу барысында өңір басшысы шетелдік серіктестерге өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қосқан үлестері үшін ризашылығын білдірді.
«Біз өз тарапымыздан жобаны жан- жақты қолдауға дайынбыз. Солтүстік Қазақстан облысы – мал шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан өңір. Мал азығына арналған ашытқы өндіретін зауыт бұл саланың одан сайын ілгерілеуіне жол ашады», – деді өңір басшысы.
Аталған жоба ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды бастамалардың бірі болмақ. Қазіргі таңда облыста сүтті және етті бағыттағы мал шаруашылығы қатар дамуда. Ашытқы – мал азығының құрамын байытуға, соның ішінде жануарлардың өнімділігін арттыруға әсер ететін құнды биоқоспа.
Инвестициялық жобаның құны – 3 млрд. теңге. Кәсіпорын жылына 3 000 тонна өнім шығарады деп күтілуде. Сонымен қатар зауыт іске қосылғаннан кейін 40 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл өңірдегі еңбек нарығына оң әсер етіп, білікті кадрлар үшін қосымша мүмкіндік туғызады.
Зауыт «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында салынады. Инвесторларға бірқатар салықтық және әкімшілік жеңілдіктер қарастырылған. Жоба халықаралық серіктестіктің табысты үлгісі болуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға негіз болмақ.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».