
1 маусым мен 30 қазан аралығында өңірде “Көкнәр” жедел алдын алу шарасы өтті. Оның барысында облыстық полиция департаментіндегі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері автокөліктерді, ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдарды, ақпараттарды және ғаламтор кеңістігін тексерді.
– Департамент бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаевтың келісімі бойынша есірткі қылмысына қарсы күреспен айналысатын мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл нәтижесіз емес. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлерімен бірлесе өткізген жұмыс нәтижесінде 17,5 килограмм каннабиоидті сатумен айналысқан екі облыс тұрғыны құрықталды, – дейді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Басыбаев.
“Көкнәр” жедел алдын алу шарасының мақсаты – психобелсенді заттарды анықтау және оларды сатудың жолын кесу. Былтыр осындай іс-шара нәтижесінде есірткінің ірі көлемін іздеп табудың – 4, ал биыл 13 оқиғасы тіркелді.
Жергілікті полицейлер алғаш рет жұмыс барысында осыдан екі ай бұрын кинологиялық орталықта арнайы дайындықтан өткен иісшіл, қызметтік-іздестіру иттердің көмегімен есірткі заттарын іздеп тапты. Атап айтқанда, Буча есімді орыс спаниелі Қызылжар ауданының екі тұрғынының бірін ұстау кезінде ол каннабистің баламасының 700-ден астам мөлшері жасырылған жерлерді табуға көмектесті. Ал Белла атты лабрадордың арқасында Аққайың ауданында спайс дайындаумен және таратумен айналысқан адам қолға түсті. Жедел алдын алу шарасының қорытындысы бойынша есірткі заттарының заңсыз айналымы саласында 61 қылмыс анықталды. Табылған заттардың жалпы салмағы – 321 килограмм.