«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВКЕ ІРІКТЕУ

Үстіміздегі жылдың 15 тамызынан бастап еліміздің барлық аймақтарында “Жастар кадрлық резерві” жобасына тіркелу басталған болатын. Осы орайда “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы ғимаратында “Жастар кадрлық резерві” жобасының екінші кезеңі өтті. Жобаға облысымыздың белсенді жастары, жоғары курс студенттері мен жастар ұйымдарының жетекшілері қатысып, бақ сынады.

– Жобаның негізгі мақсаты – заман талабына сай басқарушыларды даярлау. Ол жастардың кәсіби өсуіне ықпал етіп, талаптылардың іс жүзінде өзін барынша көрсетуіне мүмкіндік береді. Тіркелу, сұхбаттасу, оқыту модулі және тағылымдамадан өту сияқты сындардан сүрінбегендер резервке алынады. Басты талаптардың бірі – қазақ, орыс және шет тілдерін білу, – деді “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Мұса Танақұлов.

Өңіріміз бойынша 100-ден астам өрен жобаға қатысуға ниет білдіріп, оның 40-ы екінші кезеңге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Комиссия мүшелері үміткерлердің пікірін, өмірлік көзқарасын, жеткен жетістіктерін саралады.

2009 жылдан бері қолға алынған “Жастар кадрлық резерві” жобасына 18 бен 29 жас аралығындағы кез келген адам қатыса алады. Жалпы биыл жобаға қатысуға ел бойынша 1215 талапкер өтініш білдірсе, оның 691-і екінші кезеңге өтті.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp