«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“КАЗ.КУР” ПАВИЛЬОНДАРЫ

“Қазақстанда жасалған” республикалық акциясына орай облыс орталығында “Каз.Кур” ЖШС-нің павильондары тұтынушыларға қызмет көрсете бастады.

– Біз отандық тауарөндірушілерді қолдау мақсатында облыс орталығында құс, атап айтқанда, тауық етінің бірнеше түрімен, жұмыртқамен, өсімдік майларымен, кетчуп, майонезбен қолжетімді бағаға сауда жасайтын 7 павильон ашып отырмыз. Олар: “Северный”, “Сокол”, “Караван”, “Корона” сауда үйлерінің жанында, “Береке”, 19-шы шағынаудандарда және Әуезов көшесінде орналасқан. Арнайы орамадағы құс еттерінің бірнеше түрі негізінен Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан (Семей) және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы құс фабрикаларынан, кетчуп, майонез, өсімдік майы сияқты өнімдер Алматыдағы “Масло-Дел” ЖШС-нен әкелінеді. Бір айдың ішінде өз тұтынушыларымызды тауып үлгергендейміз. Саудаға түскен тауарлардың сөрелерде жатып қалмайтындығы соны байқатады. Қызылжар ауданының Якорь ауылындағы “Атай-СК” ЖШС бізді сапалы жұмыртқамен қамтамасыз етеді. Таяуда семейлік тауарөндірушілер де Қызылжар өңіріне өз өнімдерін ұсына бастады. Басты мақсат – жергілікті және отандық кәсіпорындардың өнімдерін өткізуге көмек көрсету және оларды тұтынушыларға қолжетімді ету. Біздің павильондарда Солтүстік Қазақстанда өндірілген өнімдер басым. Алдағы уақытта Жұмысшы кенті, “Черемушки” сияқты шеткері шағынаудандарда тағы 4 павильон ашқалы отырмыз. Сөйтіп, облыс орталығындағы павильондар санын жоспарлы түрде көбейте түсеміз, – дейді “Каз.Кур” ЖШС-нің құрылтайшысы Ашот Карунович.

М.Әуезов көшесі бойындағы алыстан көз тартатын, “Каз.Кур” эмблемасымен айшықталған павильонға арнайы ат басын бұрдық.

Сатушы Ирина Корягина:

– Павильонымыз жергілікті тұрғындардың көп жүретін қолайлы жеріне орналасқандықтан ба, тұтынушылар легі азайып көрген емес. Бүгін ғана құс етінің шөже-бройлер, сүрленген сан еті, тартылған ет сияқты арнайы орамадағы 16 түрі әкелінді. Соған орай құс етінен әзірлейтін тағамдарға арналған әртүрлі дәмдеуіштер де, томат пасталары да, сорпа жиынтығы да бар. Таңдау мол. Бағалары да әртүрлі. Мысалы, шөже-бройлердің бір килограмы – 450, тартылған тауық еті – 420, сүрленген сан еті 500 теңге тұрады. Жұмыртқаның 10 данасы – 130 теңге. Таңғы сағат 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін кезектесіп екі сатушы істейміз. Павильонға 3 тоңазытқыш орнатылған, оның 2-еуі көрме-тоңазытқыш. Бір күнде шамамен 80-100 мың теңгенің саудасын жасаймын, – деді.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp