
Қалалық полицияның жедел басқару орталығына қосылған 410 камера Петропавл көшелеріндегі тәртіпті қадағалауға сеп. Қылмыстарды ашуға және олардың алдын алуға көпқабатты үйлердің кіреберістерінде орнатылған камералардың да көмегі бар.
Маяковский көшесіндегі үйдің тұрғындары өз қаражатына үйдің кіреберісінде, лифтілерде, аулада бірнеше камера орнатып қойыпты. Бейнетүсірілім сапасы өте жақсы болғандықтан, келіп-кеткен әр адамның бет-әлпетін анық көруге болады. Бір күні тапа-тал түсте үш ер адам подъезге кіріп, лифтідегі камераны жұлып алып кетіпті. Тұрғындар олардың бұл әрекетінен секем алғанымен, абырой болғанда, сол күні бұл үйде ешқандай пәтер тоналған жоқ. Бейнежазбаның арқасында бейтаныс адамдар анықталды. Олардың біреуінен қолды болған камера табылды. Қазір жедел уәкілдер бұл азаматтардың басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
Жамбыл көшесіндегі үйдің бір тұрғыны қоқыс толы пакетін подъезге қойып кетіпті. Бейнежазба чаттағы ортақ топқа жіберіліп, тұрғындар ескерту жасаған соң, ұялған болуы керек, ол әкімшілік шара қолданылғанға дейін қоқысты арнайы контейнерге апарып тастады.
Жыл басынан бері бейнекамералардың көмегімен 100-ден астам қылмыс ашылып, 1400 құқық бұзушылық анықталды.