«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КАНАДАЛЫҚ САРАПШЫНЫҢ КӨМЕГІ

 

Тайынша ауданына “Аға сеньорлар” бағдарламасы бойынша Канададан сарапшы келді, деп хабарлайды “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Сүт өңдеу саласының маманы Гарт Илсли қазір зейнеткер. Ол шамамен 700 мыңдай кәсіби білікті маман тоғысқан, әртүрлі саланы қамтитын халықаралық ұйымда ерікті болып жұмыс істейді. Гарт Илсли 10 күн бойы “Тайынша Сүт” ЖШС-нің жұмысшылары ортасында өз тәжірибесімен бөлісті. Ол Қазақстанға осымен үшінші рет келсе, Солтүстік Қазақстан облысына бірінші рет ат басын бұрып отыр. Тайынша сүт өңдеу зауыты он жылдан бері сарымай, қайнатылған ірімшік, шұжық, тұздық, сулугуни, табиғи түрде ысталып қайнатылған ірімшік, сүзбе, сүзбеірімшік және тағы басқа өнімдерді шығарып келеді. Тауардың бәрі облыста және көршілес өңірлерде сатылады.

Бұл кәсіпорынның нарықта беделі зор, бірақ басшысы Қайыргелді Тарғауытов осы жетістікпен тоқтап қалғысы келмейді. Сондықтан “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдауын пайдалануды жөн санаған.

“Аға сеньорлар” бағдарламасы шетелдік маман пікірін, кеңесін алуға мүмкіндік беретіндіктен, кәсіпкердің назарын өзіне аударған. “Аға сеньорлар” компоненті “Бизнестің жол картасы – 2020” бірегей бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

– Мұнда мен жаңа құрылғыны орнатуға көмектестім. Семинарлар мен тренинг-курстар өткіздім, бірақ ең бастысы осы зауыттың жұмысшыларына тәжірибелік сабақтар жүргіздім. Зауыт басқа құрылғы сатып алмастан-ақ, өз күшіне сеніп, нарыққа қандай жаңа өнім түрлерін шығаруға икемді екеніне де көңіл бөлдік. Меніңше, мұндай бағдарламалар өте пайдалы, өйткені, кәсіпорындарға кейде жаңа көзқарас, соны пікір жетіспей жатады, – дейді Канададан келген сарапшы.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp