«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“КАНЕЛОНЫҢ” КЕЛЕСІ ҚАРСЫЛАСЫ КІМ?


АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы “MGM Grand” кешенінде өткен бокс кешінде Сауль Альварес (53-1-2, 36 КО) пен Сергей Ковалев (34-4-1, 29 КО) кездесіп, қолғап түйістірген болатын. 

“Канело” деген лақап есімді иеленген 29 жастағы Мексиканың сайыпқыраны бүгінге дейін 55 жекпе-жек өткізді. 52 мәрте жеңіске жетіп, бір рет ұтылды. Екі бәсекеде тең есеп тіркелді. Ал “Талқандағыш” деген бүркеншік есімді иеленген 36 жастағы ресейлік 38 мәрте рингке көтеріліп, 34 рет жеңіске жеткен. Үш рет ұтылып, бір рет тең түсті. 

Жалпы 12 раундқа жоспарланған жекпе-жек 11-раундта аяқталды. Сауль Альварес қарсыласын ауыр нокаутқа түсіріп, жеңіске жетті. Осылайша, “Канело” “WBO” нұсқасы бойынша жартылай ауыр салмақта әлем чемпионы атағы мен белдігіне ие болды. Бокс кешінде қос саңлақтың есепшотына түсетін қаражат мөлшері белгілі болды. Чемпиондық тәж үшін шаршы алаңға шыққан Сауль Альварес 35 миллион АҚШ долларын алса, Сергей Ковалевке небары 3 миллион ғана бұйырды.
Бір атап өтерлігі, бұл жекпе-жек үшін мексикалық боксшы жартылай ауыр салмаққа көтерілген болатын. Бұл – жаңа салмақтың мықтыларымен қолғап түйістіруге зор мүмкіндік. Дегенмен, Сауль Альварес чемпиондық белбеуді иеленгеніне қарамастан, орта салмақта қалуды жөн көрді. Сөйтіп, төрт салмақ дәрежесінде әлем чемпионы Сауль Альварес ресейлік боксшы Сергей Ковалевті жеңгеннен кейін жартылай ауыр салмақтағы “WBO” тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулынан бас тартатын болады.
– Залдағы барлық көрерменге алғыс айтамын. Бұл – спорттық мансабымдағы кезекті қадам. “Канело” тарихта өз атын жазып жатыр. Жекпе-жекке кірісіп кету үшін маған бес немесе алты раунд қажет болатынын білгенмін. Ковалевке құрметім зор. Ол – мықты боксшы. Ірі жекпе-жектерге қатысуды қалаймын. Мексикаға ұмытылмас жеңіс сыйлағым келеді, – деді боксшы тілшілерге берген сұхбатында.
Бұл күндері төрткүл дүние жанкүйерлері Альварес пен қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин арасындағы үшінші жекпе-жекті тағатсыздана күтіп жүр. “Канело” бұл жекпе-жек туралы сұраққа да жауап берді. “Бұған дейін Головкин мен үшін рингтегі қарсылас ретінде қызық емес екенін айттым. Онымен 24 раунд жұдырықтасып, жеңдім. Осымен бітті. Алайда, қазақстандық тарапынан жақсы бизнес-ұсыныс түсетін болса, неге шықпасқа?” – деді ол.
Ресейлікті жеңгеннен кейін Сауль Альварестің даңқы тіпті шарықтап кетті. Спортсүйер қауым “алдағы уақытта Альварес кіммен жұдырықтасуы мүмкін?” деген әңгімені гулетуде. Шетелдік телеарналар бес боксшының есімін ерекше атауда. Олар – қазақстандық Геннадий Головкин, британиялық Каллум Смит пен Билли Джо Сондерс, ресейлік Дмитрий Бивол мен Артур Бетербиев. Әрине, қазіргі кезде көпшілік “GGG” мен “Канело” арасындағы кездесуді көргісі келеді. Алайда, Мексиканың өрені Геннадий Головкинмен қайта кездесуге аса құлшынып отырған жоқ. Ол келесі жылдың басында жоғарыда есімдері аталған өзге төрт саңлақтың бірімен сайысқа түсуі мүмкін.
Жасыратыны жоқ, есімдері аталған спортшылардың барлығы да мықты. Мәселен, Ұлыбританияның қос өкілі осы күнге дейін жеңілген емес. Каллум Смит 26 рет басымдық танытып, 19 қарсыласын есінен тандырды. Билли Джо Сондерс 27 мәрте жеңіске жетті. Дмитрий Бивол да шашасына шаң жұқтырмай жүр. Ол 17 рет рингке көтеріліп, 11 бәсекені нокаутпен аяқтады. Ал Артур Бетербиевтің көрсеткіші тіпті тамаша. Дағыстанның түлегі 15 жекпе-жектің барлығында айқын жеңіске қол жеткізді.
Геннадий Головкин 2020 жылдың мамыр айында Альвареспен реванш өткізуге ниетті. Бірақ оған дейін ақпан айында “IBF” титулын қорғауы керек. Соңғы ақпараттарға сенсек, отандасымыздың кезекті қарсыласы Камил Шеремета болмақ. “Біз дайынбыз, Камил Шеремета тәкаппар спортшы. Ол “GGG” сияқты аңыз боксшымен жекпе-жек өткізуді армандайды. Бұл әрі оның мақсаты”, – деді “The Ring” журналына берген сұхбатында боксшының промоутері Анджей Василевский.

 

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp