«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Карантин кезең-кезеңмен жеңілдетіледі

Денсаулық сақтау жүйесіндегі жүктеменің негізгі көрсеткіштерінің жақсаруына байланысты және карантиндік шараларды күшейту немесе жеңілдету критерийіне қол жеткізгенімізді ескере отырып, Үкімет басшысы Асқар Маминнің қатысуымен болған Мемлекеттік комиссияның отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың карантиндік шараларды кезең-кезеңмен жеңілдету туралы ұсынысы қаралды.

Ұсыныс бойынша биыл 17 тамыздан бастап кезең-кезеңмен мына объектілердің қызметіне рұқсат ету ұсынылды:

1. Сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері (дәріханалар мен азық-түлік дүкендерімен қоса, бутиктердің қызметіне рұқсат етіледі), сауда желілері, жабық базарларға. Алайда, аталған объектілерде 1 адамға арналған аумақ 4 шаршы метрден кем болмауы тиіс және келушілер үлесі нысан ішіндегі аумақтың 30% ғана толтыруы тиіс деген шектеу қойылады.

2. Сұлулық салондары, шаштараздар, СПА орталықтарда, косметологиялық қызмет көрсететін объектілерде әлеуметтік арақашықтық сақталады және алдын ала жазылу бойынша 1 келушіге кемінде 4 шаршы метр тиесілі болады.

3. Балаларды түзету кабинеттерін, білім беру орталықтарын ашуға алдын ала жазылу бойынша 5 адамнан аспайтын топ толғанда жол беріледі.

4. Мектепке дейінгі балалар мекемелерінде бірінші кезеңде 15 адамнан аспайтын кезекші топтар ғана қызметін қайта бастайды.

5. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, келушілер ағынын реттеу және міндетті бетперде режімін сақтау талабымен ашық ауада аттракциондар қызметін қайта бастайды.

6. Бассейні жоқ фитнес-орталықтарда 1 келушіге 5 шаршы метрден кем емес алаң бөлінсе және алдын ала жазылу бойынша келушілер қатары 50% аспайтын жағдайда қызметі қайта басталады.

7. Монша, бассейні жоқ сауналарда 1 келушіге кемінде 4 шаршы метр бөлініп, әлеуметтік арақашықтық сақталған кезде ғана нысан ішін 50% толтыруға рұқсат.

Алайда, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, ұлттық компанияларда, кеңселерде және қашықтан қызмет етуге мүмкіндігі бар басқа да мекемелерде қызметкерлерінің 80% қашықтан жұмыс істеу форматы сақталады. Ашық ауада 5 адамнан аспайтын жеке және топтық жаттығуларға рұқсат етіледі.

Тұрғындар бір отбасы мүшелерін қоспағанда 3 адамнан аспайтын топпен көшеде бірге жүре алады. Орындардың санына қарай қоғамдық көлік қозғалысы қайта басталады, бұл ретте кондуктор міндетті түрде болуы тиіс.

“Қызметін қайта бастайтын нысандардың барлығына келушілер мен персоналға міндетті түрде термометрия жүргізу, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану, әлеуметтік дистанцияны сақтау, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режім сынды жалпы талаптар қойылады. Халық үшін қоғамдық орындарда, халықтың келуіне, қызмет көрсетуіне және демалуына арналған үй-жайларда, қоғамдық көлікте, қоғамдық орындарда ашық ауада бетперде кию, кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтықты және қол гигиенасын сақтау туралы талап қойылады”, – деді А.Цой Мемлекеттік комиссия отырысында сөйлеген сөзінде.

Сонымен бірге елдегі эпидемиологиялық жағдайдың оң динамикасын сақтау мақсатында мына қызметтерге тыйым салынатыны айтылды:

1. Ойын-сауық, спорттық, отбасылық, еске алу, салтанатты және басқа да шараларды мейрамханалар мен дәмханалар түгіл үйде өткізуге.

2. Барларға арналған, түнгі және ойын клубтарының, караоке, кинотеатр, фудкорт және балалар мен ересектерге арналған басқа да ойын-сауық орындарының жұмысына.

3. Мәдениет объектілерінің, мұражайдың қызметіне, конференцияға, көрме, форум өткізуге.

4. Бассейн, қалалық және қоғамдық жағажай, ашық аквапарктердің жұмысына.

5. Діни нысандардың жұмысына.

6. Қала маңындағы жолаушылар пойызына, жұмыс пойыздарына, қалааралық автобус (шағын автобустарды қоспағанда).

Сонымен қатар демалыс күндері мынадай қатаң шектеу шаралары сақталады:

– 65 жастан асқан адамдардың жүруіне тыйым салынады;

– қоғамдық көлік қозғалысы тоқтайды;

– СОО-ның (дәріханалар мен азық-түлік супермаркеттерінен басқа), сауда үйлерінің, сауда желілерінің, азық-түлік емес және азық-түлік жабық базарларының, сұлулық салондарының, шаштараздардың, косметологиялық салондардың, СПА-салондардың, фитнес-орталықтардың, моншалардың, сауналардың, балалар мен ересектерге арналған білім беру орталықтарының, түзету кабинеттерінің, ашық ауада аттракциондардың қызметі тоқтайды.

Карантиндік шараларды кезең-кезеңмен жеңілдету жөніндегі ұсыныстар Мемлекеттік комиссия отырысында мақұлданды. Бұл хабар Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық орталығынан алынды.

Жақсыбай САМРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp