Тәртіп сақшылары карантин кезінде 16 жасар бойжеткен үйінен кетіп қалғанын анықтады. Қыз бала бұған дейін де үйінен бір кетіп, бір келіп жүрген екен. Қызының кезекті рет жоғалғанын анасы тиісті мекемелерге хабарламаған. Оның жоғалғанын үйіне барған мектеп инспекторы анықтады. Полицияның жеке құрамы бойжеткенді іздеуге жұмылдырылды. Кешке жақын қыз бала құрбыларының бірінің үйінен табылды. Оның анасына қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы, яғни «Төтенше жағдай режімін бұзу» бойынша хаттама толтырылды.
Ал 11 жасар баланың серуендеуге шығып кеткенін полицияға ата-анасы хабарлады. Баланың жоғалғаны туралы ақпарат криминалдық полиция бөліміне, учаскелік полиция қосыны мен патрульдік экипаждарға жолданды. Бір сағат бойы тоқтаусыз жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жасөспірім серуендеп жүрген жерінен табылды.
«Жыл басынан бері облыста кәмелетке толмаған 10 жасөспірімнің жоғалғаны тіркелді. Балалар көбінесе ата-анасының уайымдайтынын ұмытып, ойнап жүріп қалған. Олардың барлығы табылды. Жоғалған адамдарды іздестіруде еріктілердің көмегі көп екенін ерекше атап өтуге болады», – дейді криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климов.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыс полицейлері із-түзсіз жоғалған адамдар туралы 38 арыз қабылдады. Жоғалғандардың барлығының жүрген жерлері анықталды. Әсіресе спирттік ішімдіктерге әуес адамдар жиі жоғалады екен. Әдетте олар бөтелкелес таныстарының қасынан табылып жатады.