«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Карантин талаптары қатаң сақталады

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев жергілікті телеарналар арқылы өткізген кезекті брифингте әлем халқын абыржытып отырған COVID-19 вирусына орай өңірде орын алған ахуалға тоқталып, бірқатар сауалдарға жауап берді.

    Оның айтуынша, жұқпалы індетті еңсеру жұмыстарының кешенді түрде атқарылып, тұрғындар өзін-өзі оқшаулау режімін қатаң сақтауының арқасында өңірдегі жағдай тұрақты. Бүгінде коронавирус жұқтырғандардың саны 26-ға жеткен. Бір науқас жазылып шыққан. Соңғы оқыс оқиға Ақжар ауданында тіркелген. Көктемгі егіс науқанына орай Ақмола облысынан осында іссапарға келген ер адам вирустық инфекция белгілерімен ауруханаға жатқызылып, расталған. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық тексеріс амалдары жүргізіліп, онымен қарым-қатынаста болған адамдар анықталуда.
Руслан Қанатқанұлы жұртшылықты жиі мазалайтын мәселелер төңірегінде ашық пікір алысып, әр сұраққа нақпа-нақ жауап қайтарып отырды. 9 сәуірде республиканың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шығып, халықтың қауіпсіздігін одан әрі қамтамасыз етудің нақты шаралары белгіленген. Оның ішінде зертханалық зерттеуге жататын адамдардың тізім ауқымы кеңейтілген. Атап айтқанда, коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатымен өңірдің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындардың жұмысшы-қызметкерлеріне және мемлекеттік шекара арқылы өтетін жолаушыларға қатысты талап күшейтілген. Олар міндетті түрде зертханалық зерттеу нәтижелерін алғанға дейін карантиндік стационарға орналастырылып, ауру белгілері білінген жағдайда үйлерде оқшауланады немесе 14 тәулікке үй карантиніне алынады.
Р. Әлішев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет министрліктермен және әкімдермен бірлесе отырып, шағын және орта бизнесті біртіндеп жандану аймағына шығарудың дайындық жұмыстарын бастап кеткенін жеткізді. Атқарушы билік орындары тарапынан қабылданған барлық шешімдер алдын ала хабарланып отырады.
Брифингте облыс орталығына жеңіл көліктермен кіруге тыйым салынғаны, бейсауат жүріс-тұрыстарға қатаң шектеу қойылғаны ерекше атап айтылды. Аудандық кәсіпкерлік бөлімдері қалаға тауарлар жеткізумен айналысатын кәсіпкерлердің тізімін күн сайын жаңалап отырады. Олардың әрқайсысы үшін жүк машинасының саны бестен аспауы тиіс. Түрлі заңсыздықтардың алдын алу үшін тізім аудан әкімінің-аудандық штаб төрағасының қолымен, мөрімен куәландырылады.
Брифинг ауанынан байқағанымыздай көпшілікті денсаулық сақтау мекемелерінің жұмыс істеу кестесі де толғандырады. Емханалар өз жұмыстарын таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 19-ға дейін жалғастырады. Профилактикалық тексерулер мен скринингтен өту, жоспарлы түрде қаралу карантин алынғанға дейін жүргізілмейді. Сырқат қатты мазалаған не дәрі-дәрмек қажет болған жағдайда емхананың колл-орталығы арқылы дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Барлық шұғыл көмектер, дәрігерлік кеңестер күнделікті режімде атқарылады. Жүкті әйелдер, мүгедектер айрықша бақылауға алынады. Дәрі-дәрмек үйлерге мейірбикелер, әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілер арқылы жеткізіледі. Денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде тегін препараттарымен қамтамасыз етеді.
Брифингте жұртшылық көбіне ескере бермейтін жерлеу рәсімдеріне қатысты түйткілді мәселелер де қозғалып, таратылып айтылды. Өлім-жітім сияқты айтып келмес ауыр қайғы жағдайында марқұмның жаназасын шығарудың, жерлеудің, тал бесіктен жер бесікке беру кезінде адамдардың жаппай жиналуына жол бермеу аса маңызды. Ақырет сапарға аттандырып салу шарттары қаулымен реттелмегеніне қарамастан, жерлеу рәсіміне 10 адамнан, құдайы асына, басқа да еске алу шараларына 50 адамнан артық жиналуға рұқсат етілмейді. Шама келгенше туған-туыстармен ғана шектелген дұрыс. 2 метр ара қашықтық қатаң сақталуы шарт. Коронавирустан көз жұмған марқұмды жерлеу Бас санитарлық дәрігерінің № 32 қаулысына сәйкес атқарылады. СОVID-19 диагнозы расталған жағдайда мүрде ашылмайды, туған-туыстарына берілмейді. Биоқауіпсіздік шараларын сақтау үшін санэпидқызмет мамандары бірге жүреді. Жерлеуге қатысқан адамдар 14 күн медициналық бақылауға алынады
Сәуірдің 14-і күні Петропавл халықаралық әуежайына Лондоннан қазақстандықтар мінген ұшақ қонбақ деген хабарды естігелі, шыны керек, петропавлдықтардан әбден маза кетті. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары кеңінен түсінік берді.
Тасымалдаушы «Air Astana»авиакомпаниясы болып табылатын рейс Лондон-Қостанай бағыты бойынша ұшу жоспарланған болатын. Бірақ ол өңірде дауыл салдарынан туындаған техникалық себептерге байланысты рейсті Петропавлда қондыруға шешім қабылданды. Алаңдауға еш негіз жоқ. Барлық сақтық шаралары, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мүлтіксіз сақталады. Жолаушылар мен экипаж мүшелері карантин ошағына арнайы бағыт бойынша жеткізіліп, екі күнге оқшауланады. Осы аралықта олардың COVID-19 вирусын жұқтырған-жұқтырмағанын анықтау мақсатымен зертханалық тексеру жүргізіледі.
«Мұндай рейстер бұған дейін еліміздің 9 қаласы бойынша жүзеге асырылған болатын. Біз Қазақстанның азаматтарына қамқорлық, қолдау көрсетуге тиіспіз», деді Р. Әлішев.
Ол сөзінің соңында карантиндік режімге байланысты барлық шешімдер қолданыстағы заңнамалар аясында жүргізілетінін, талаптарды орындау әр солтүстікқазақстандық үшін бұлжымас міндет саналатынын, талап бойынша тек дүкенге, дәріханаға, ауруханаға шығуға, қоқыс шығаруға және жұмысқа шығуға ғана рұқсат етілетінін атап өтті.
Соңғы екі күнде тәртіп бұзған 151 адамның жауапкершілікке тартылуы әлі де бей-жайлықтан арылмағанымызды аңғартса керек.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp