Облыс орталығында 3 сәуірден карантиндік режім енгізілді. Төтенше жағдай кезінде індеттің таралуына жол бермеудің ең тиімді жолы – тұрғындардың барынша үйде оқшаулануы, өзара қарым-қатынасты шектеу. Қажет болған жағдайда жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне, дәріханаға, ауруханаға барғанда жеке куәлік ала жүруді ұмытпаған жөн. Карантиндік режімнің сақталуын қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкері электронды деректер базасы арқылы планшеттен сіздің мекенжайыңыздың дұрыстығын тексере алады. Еңбек ететіндердің жұмыс орнынан алған анықтама қағазы болғаны жөн, оның үлгісі қалалық әкімдіктің сайтында орналастырылған. Ондай анықтамаларды өз жұмыс режімін тиісті әкімдіктермен келіскен және ерекше тізімге енгізілген кәсіпорындар ғана бере алады. Бүгіндері мұндай кәсіпорындар мен мекемелер қызметкерлерін арнайы бөлінген көлікпен тасымалдауда. Ал басқа себептермен көшеде жүргендерді полиция қызметкерлерінің жазалауға құқығы бар. Облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік желіде белгісіз адамның банктен 42 500 теңге жәрдемақысын алуға бара жатқан кезде полиция қызметкерінің 26 мың теңге айыппұл салғаны туралы жалған хабар тарағанын айтты. Жаза тек карантин режімін өрескел бұзған немесе құжатын көрсетуден бас тартқан жағдайда ғана қолданылады. Осындай жағдай шын мәнінде орын алса тиісті орындарға шағымдануға құқылы, түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Бүгіндері “Семейный”, “Северный” супермаркеттері тапсырыс бойынша тұрғындардың үйлеріне азық-түлік өнімдерін жеткізіп жатыр. Алайда, тапсырыстың көп болуына байланысты іркілістер де орын алуда. Өйткені, азық-түлік өнімдері бірінші кезекте карантинге жабылған кіреберіс тұрғындарына, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлерге жеткізіледі. Бұл кемшілікті түзеу үшін қосымша қызметкерлер алынып, 70 волонтер көмекке келгенін айтқан Руслан Әлішев тапсырыспен жұмыс істеп жатқан дүкендер, мейрамханалар, дәмханалар бақылауға алынғанын хабарлады.
Бүгіндері Петропавл қаласынан, өңірдің барлық аудандарынан шығуға және кіруге қатаң тыйым салынған, қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылған. Блокбекеттерден тек арнаулы рұқсаты бар жүк және жеңіл көліктер өткізіледі. Ал аса қажет жағдайда тұрғындар жергілікті әкімдіктермен байланысқа шығып, рұқсат ала алады. Руслан Қанатханұлы брифингте қазір қала тұрғындарына карантинге байланысты саяжайларына баруға болмайтынын жеткізді.
Облыс аумағында мектеп оқушыларының қашықтан оқуы бір жүйеге келтіріліп, сабақтар ойдағыдай жүргізілуде. Осы кезеңде мұғалімдерден, ата-аналардан атқарылған жұмыстар туралы есеп талап етілмейді. Қала емханаларында есепте тұрған 65 жастан асқан азаматтарға, мүгедектер мен балаларға учаскелік дәрігердің рецептісі бойынша бөлінген тиісті дәрі-дәрмектерді әлеуметтік қызметкерлер мен волонтерлер жеткізіп беруде.
– Соңғы кездері әлеуметтік желілерде, сайттар мен мессенджерлерде жұмыс істемей тұрған кәсіпорындардың төрт кезеңмен іске қосылатыны жайында жалған ақпарат тарады. Бұл хабардың шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтемін, – деді облыс әкімінің орынбасары. – Карантиндік режім коронавирус жойылғанша сақталады. Тұрғындардан әкімдіктердің ресми сайттарында, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге ғана сенуді өтінер едім. Карантин режімі тәртіпті талап етеді. Қазіргі қиындықты барлығымыз бірлесіп жеңеміз.
Сурет https://www.7152.kz/ сайтынан алынды.