Облыстық Кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен және брокерлік компаниялардың өкілдерімен кедендік әкімшілік жүргізуді жетілдіру мәселесін талқылауға арналған “дөңгелек үстел” өткізді.
ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов 2013 жылы 21 ақпанда өткізген кеңесте кедендік әкімшілдік жүргізуді жетілдіру, соның ішінде сыртқы экономикалық қызметке (СЭҚ) қатысушылар арасында “Автомобиль көлігімен Кеден одағы аумағына әкелінетін тауарларға арналған міндетті алдын ала ақпараттандыруды енгізу туралы” КОК шешімінің нормалары жайында ақпараттану жұмыстарын жүргізу бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын. Соған орай Департамент қызметкерлері бұған дейін СЭҚ-ға қатысушылармен үлесті өсіру туралы pi.customs.kz. web-порталы арқылы алдын ала ақпарат беру жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, облыстық телерадио арналарында, бұқаралық ақпарат құралдарында бірқатар мақалалар мен ақпараттар жариялады.
Қазіргі уақытта Кедендік бақылау комитетінің хабарлауы бойынша, транзиттік декларациялардың 90 пайыздайы алдын ала ақпараттандыруды пайдалана отырып беріледі. Соған қарамастан, міндетті алдын ала ақпараттандыруды енгізу сәтінен бері бір жыл өтсе де, сыртқы саудаға қатысушылардың бәрі бұл кедендік операцияның артықшылығы туралы біле бермейді.
Кедендік органдарды алдын ала ақпараттандыру дегеніміз – әкімшілік кедергілерді азайтуға, өткізу қосынынан өтуді тездету және кедендік тәртіпті оңтайландыруға бағытталған кедендік операция.
Қазақстандық кеден қызметі Қазақстан Республикасы кедендік органдарының pi.customs.kz. web-порталы көмегімен алдын ала ақпарат қабылдауды жүргізеді. Порталда тіркелу мен қызмет көрсету СЭҚ-ға қатысушылардың кез келгені үшін тегін. Кеден органдарына алдын ала ақпарат беру үшін Интернет желісіне қосылған компьютер ғана керек.
Алдын ала ақпарат беру Кеден одағы шекарасының қазақстандық учаскесіндегі өткізу қосынында кедендік рәсімдеу уақыты мен шекарадағы қаржылық шығынды біршама азайтады. Бұдан басқа транзиттік декларацияның қағаздық үлгісін шығарып беру талап етілмейді, оның орнына көліктік (тасымалдау) және коммерциялық құжаттар пайдаланылады. Сонымен бірге 2014 жылғы 1 қазаннан бастап аталмыш операция темір жол көлігі арқылы тасымалданатын тауарларға да қолданылмақ.
“Дөңгелек үстелде” осы мәселелер кеңінен сөз болды.
Облыстық Кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметі