Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болғанымен, бұл бағыттағы жұмыс кейбір аудандарда сылбыр жүргізілуде. “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының саяси кеңесі бюросының отырысында Қызылжар және Айыртау аудандарының әкімдері осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Бюро отырысына “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ерік Сұлтанов төрағалық етті.
Қызылжар ауданында үстіміздегі жылы 56 ғимаратты мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді ету жоспарланса, оның 39-ы жалға берілгендіктен тізімнен алынып тасталған. Жалға берілген ғимаратқа да мүмкіндігі шектеулі жандар барары сөзсіз. Осы орайда аудан әкімі Болат Жұмабековке бұл мәселені шешу қажет екендігі ескертілді. Ал Айыртау ауданында жоспар бойынша 2018 жылы ғана барлық ғимараттар мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді болмақ. Бүгін бітер істі ертеңге қалдыруға болмайтынын ескерткен өңір басшысы бұл жұмысты 2017 жылы тындыруды тапсырды.
“Нұрлы жол” инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жылумен, сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту бағытын жүзеге асыру үшін өткен жылы өңіріміз 2 млрд. теңгенің жобасын қолға алса, үстіміздегі жылы 3 287 млн. теңгенің 6 жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінде аталған бағдарлама бойынша бөлінген қаржының 64 пайызы игерілген көрінеді.
Облыс орталығындағы күрделі мәселелердің бірі – жылу желісінің тозуы. Өткен жылы желілердің 88 пайызы тозған болса, бүгінде бұл көрсеткіш 71,8 пайызға төмендепті.
– Біз бұл мәселені үнемі назарда ұстаймыз. Бұл бағытта жұмыс жоспарға сай жүзеге асырылуда. Ал тұрғын үй құрылысы саласындағы жұмыс көңілден шықпайды. Мәселен, құрылысын “Единство” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген екі тұрғын үй үстіміздегі жылы пайдалануға берілмейтін болды. Десек те, тұрғын үй салуда мүмкіндіктер көп. Соларды тиімді пайдалану қажет, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Кеңес отырысында Есіл және Мағжан Жұмабаев аудандарында партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысы баяндалды. Атқарылған жұмыстарды жіпке тізгендей қылып айтқан қос ауданның әкіміне тиісті тапсырмалар берген өңір басшысы Ерік Сұлтанов:
– Үстіміздегі жылы алғаш рет “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жатақхана салуға мүмкіндік туып, өңірімізде 6 жатақхананың құрылысы басталды. Барлық аудан әкімдеріне ендігі жылы да он шақты жатақхана салуға дайын болуды тапсырамын. Жатақханалар жастарды баспанамен қамту үшін арнайы салынуда. Ендігі жылы әр ауданда 1-2 жатақхана салу үшін тиісті жұмысты бүгіннен бастауымыз керек, – деді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.