«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЗДЕСУ

Самалға кірпігің таралып,
Жанармен көруге жаралып.
Алдымда қыз мүсін бейнең тұр,
Мөп-мөлдір көзіңмен қадалып.


Санамның сабыры жоғалып,
Ормандай ойларым тоналып.
Жүректің күбірін естимін,
Сезімнің сеңіне қамалып.

Біз тұрған бір метр аралық,
Махаббат ғұмырын саналық.
Әй, бірақ үн-түнсіз жымидың,
Бір сәтке кетердей жоғалып.

Жүзіңе жылындым шуақтап,
Қолыңнан ұстар ем бір аттап.
Деміңе шарпылып мен қалдым,
Сәл тұрдың қасыма тұрақтап.

Айта алмай іштегі сырымды,
Көзімнен оқыдың шынымды.
“Кетейін, ағажан” дегенде,
Жүрегім кеудеме сығылды.

Кездесу қып-қысқа бүгінгі,
Тістелеп азумен тілімді.
Дірілдеп сұрадым нөмірін,
“Соткаңнан” естуге үніңді.
Санменен саралап саз үнді,
Аққудай жеткіздің наз үнді.
Көңілім байрақтай желбіреп,
Нөмірің жүрекке жазылды.

Аспан мен қара жер арасын,
Жұпарлы нұр қылып барасың.
Бұрылып сен кеттің жанымнан,
Күй қылып махаббат даласын.

Сылдырлап аққандай бал бұлақ,
Толқыннан жатқандай жар құлап.
Ып-ыстық уақытқа бағынып,
Мен тұрмын артыңда қалжырап.

Қалжырап, қалтырап тоңсам да,
Шыдар ем тұруға мен сонда.
Қарашық сен жаққа қадалды,
Елсізде елжіреп қалсам да…
Күтем…

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp