Қазақстандық кәсіпқой боксшы Дәурен Елеусінов пен мексикалық Хуан Карлос Рэйгостың орта салмақтағы “WBC International” титулын сарапқа салатын жекпе-жегі кейінге қалдырылды.
Жекпе-жек 15 тамыз күні Мексикадағы Гвадалахара қаласында өтуі тиіс еді. Боксшылар ресми салмақ өлшеу рәсімінен өткенімен, рингке шыға алмады. Бір қызығы, бокс кеші тоқтатылған жоқ. Рингте тек әуесқой боксшылар жұдырықтасты. Әзірге жекпе-жектің қашан өтетіні белгісіз.
34 жастағы Дәурен Елеусінов Мексикада 2019 жылдың ақпанында өнер көрсеткен болатын. Қазақстандық 2014 жылдың желтоқсанында кәсіпқой бокста дебюттік кездесуге шықса, жекпе-жектерінің сегізін АҚШ-та өткізген. Ал 30 жастағы Карлос Рэйгоса 2010 жылдан бері өнер көрсетеді. 2018-2019 жылдары үш рет Канадада жұдырықтасса, қалған жекпе-жектер өз елінде өткен.