«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЗДЕСУ

Кристи көзін ашқанда алдымен алақанына бетін басып ұйықтап жатқан Керейді көрді. Олар әкесі Бишоп екеуі бір апта бойы ауруханада кезекпен анасының жанында отырғанды. Кристи баласын тәтті ұйқысынан оятқысы келмесе де, анадайдан медбике “оянды, оянды” деген қуанышты хабарын дәрігерге жеткізіп жатты. Көзін ашқан Керей анасының жасқа толы жанарына қарап, “мама, мама” деп орнынан ұшып тұрып, оның құшағына құлай берді. Кристи де оны бауырына тартып, құшырлана қысты. Оларды қоршап алған дәрігерлер де қуаныштарын жасыра алмай, қол соғып, мәз-мейрам күйде тұр.

Көп ұзамай Кристи үйіне оралды.

Бүгін Девидсондар отбасында үлкен қуаныш. Кристи ауруханадан шықты. Бишоп округте өтетін футбол матчына төрелік етуден де бас тартып, Керей екеуі үйлерін жинастырып, дастарқандарына тәттілерін қойып, Кристидің үйге аман-есен оралуын атап өту қамына кірісіп кетті. Келіндерінің ауруханадан шыққанын естіген Бишоптың әкесі мен шешесі де келген. Бәрі қонақтар бөлмесіндегі үстелде айнала жайғасты.

Бишоп төрде отырған Кристиге қарап: “Сен біздің періштемізсің, сен аман бол, сен үшін”, – деді қолындағы шарап құйылған бокалын жоғары көтеріп. Төр бөлме мен асүйдің арасында жүгіріп жүрген Керей олардың алдына тағамдардың түр-түрін қойып: “Алыңыздар, алыңыздар”, – дейді. Керей анасының жанына барып, бетінен сүйіп, шашынан иіскеген соң: “Мама, сен мына әлемдегі ең сұлу жансың. Біз папа екеуміз ауруханада бір апта бойы жаныңда отырғанда оған көзіміз әбден жетті. Сенің шаңырағымыздың сәні мен мәні екеніңді сол сәтте түсіндік”, – деді жүзі балбұл жанып. Бізді ауруханада дәрігерлер ұйқыдағы сұлудың тыныштығын күзететін серілерге де теңеді ғой.

Дастарқан басында отырған Бишоптың әке-шешесі де сөз алып, Кристиге зор денсаулық тіледі.

Кристи толқи сөйледі.

– Мен бақытты әйелмін. Анамын. Өйткені, мені жақсы көретін жандар бар. Менің дертімнен айығып, үйге оралуым – алдымен сендердің арқаларың. Мен сендерді сүйемін.

Бишоп пен Керей Кристи отырған арбаның екі жағына келіп, оны құшақтап, сүйіп жатты.

Бишоптың әке-шешесі де ұлдарының қуанышына ортақтасып, көңілді отыр. Олар Керейдің Девидсондардың отбасы табалдырығынан аттаған күнді ұмыта қойған жоқ. Алғашында екі жаққа да ауыр тиді. Олардың бірін-бірі түсінбеуі, мұхиттың арғы жағындағы өзге ел мен бөтен ортаға бауыр баса алмағаны екі жақты да ауыр ойларға жетелегені анық.

Керей үшқабатты үйде, жеке өз бөлмесінде талай таңды ұйқысыз атырды. Бәрі тынышталған соң терезенің жақтауына ақ қағазды төсеп, түрлі түсті шамдардың жарығымен нұрланып тұрған көшеге, ертегі әлеміндегі үйлерден айнымайтын көрініске қызығып сурет салатын. Кейде досы Пашаға хат жазатын. “Сәлем, Паша. Сен ұйықтап жатқан шығарсың. Ал менің көзім ілінер емес. Мен әлі тірімін. Бұл үйдің қожайындары мені жақсы көретін сияқты. Тамақтың түр-түрін сатып әпереді. Әйтеуір, қарным қашанда тоқ. Мүмкін, мені семіртіп, сосын жейтін шығар. Наташа бізге балалар үйінен Америкаға кеткендер қайтып келмейді, олардың кішкентай жүрегін америкалықтар жеп қояды деп айтушы еді ғой, есіңде ме? Ол сондықтан бұзақылық жасап, колонияға отырамын, кейін сол жағынан түрмеге түсіп, мамамды тауып аламын деуші еді ғой. Менің “Типа, типа” есімді нағыз ойыншық роботым да бар. Паша, менің де ұйқым келе бастады. Қалғанын ертең жазамын. Жақсы ұйықта. Таңертең дәліздің еденін жуасың. Мен – Керей. Бетіңнен сүйдім”.

Міне, осындай сарынмен жазылған Керейдің төсегінің астына жасырып қойған хаттарын Кристи оған білдірмей ксерокске түсіріп, аудармашыға аудартатын. Бұдан соң Бишоп пен Кристи де ұйықтамайтын болды. Хат көбейгесін Керейдің бөлмесіндегі арнайы сейфтен орын алды. Енді Керейдің бар құпиясы сол жерде жасырылатын.

“Паша, хеллоу! Мен бүгін ауруханадан шықтым. Маған дәрігерлер жаңа ерін тігіп берді. Енді мен сүйікті борщымды іше алатын болдым. Бишоп папа мені футболға апарды. “Сен футболшы боласың”, – дейді. Ал мама Кристи: “Сен суретші боласың”,– дейді. Ал мен футболшы да, суретші де болғым келеді. Есіңде ме, менің математика сабағында күнделігіме мамамның суретін салғаным. Сонда Мария Сергеевна маған: “Сен мамаңның суретін емес, Иисустың суретін сал, оның саған көмегі көп тиеді”, – деп ұрсушы еді ғой. Қазір Иисустың суретін жақсы салатын болдым. Өйткені, мама Кристи нағыз суретшілердің бояулары мен қыл-қаламдарын әперді. Арнайы тақтам да бар. Паша сенің жүзіңді ұмытпау үшін суретіңді салғым келеді. Мама Кристи жақсы суретші болу үшін көп еңбектену керек дейді. Сен сұлу жігітсің. Сол үшін мен алдымен біздің ұрысқақ түнгі кезекшілердің суретін салып жатырмын. Әбден қолым жаттыққан соң сенің портретіңді саламын. Ұмытып барады екенмін, ұйқым да келіп тұр. Мама Кристи ертең маған Санта Клаусқа хат жазуым керек деп еді. Онда мен өзіме қармақ сұрамақшымын. Ал саған сотовый сұрасам қалай қарайсың? Мүмкін, папаңа телефон соғып, жаңа әйелі рұқсат берсе, сені үйге алып кетер. Паша, пока. Мен ұйықтаймын”.

Керейдің алғашқы жылғы Америкадағы өмірі туралы сейфте сақталған сансыз суреттері мен досы Пашаға жазылған хаттары осылай сыр шертетін.

Наурыз айында Керейге Пашадан хат келді. “Сәлем, Керей! Мен – Пашамын. Сен мені әлі ұмытқан жоқсың ба. Америкада өмір сүру ертегі ғой. Бірақ бізде де жаман емес. Жаңалық көп. Жаңа директор келді. Ол да біздің Балалар үйінде өсіпті. Қазір оның өз үйі, машинасы және Костя дейтін кішкентай баласы бар. Ол бізбен демалыс күндері бірге ойнайды. Біз де сен сияқты Американың джинсыларын киіп жүрміз. Таня апай ай сайын ескірген киімімізді ауыстырып тұрады. Бізге қазір банан беретін болды. Керей, ұмытып барады екенмін ғой. Аяз Ата маған биыл сотовый сыйлады. Мен папама звондадым. Ол мені есейгесін үйге алып кететін болды. Оның жаңа әйелінің балалары әлі кішкентай екен. Сондықтан мені асырап, тәрбиелеу оларға қиын болады. Мен оны түсінемін. Бірақ менің де Мартаны көлге апарып суаруға, Чапаға тамақ беруге қауқарым жететін болды. Қазір біздің асханамызда жақсы тамақ көп. Папам мүмкін мені кішкентай деп аяйтын шығар. Менің күшім күн сайын артып келеді. Женямен жиі-жиі қол күрестіреміз. Керей, мен ақша жинап жатырмын. Ол ақшаға мен мамамның бейітіне ескерткіш қоймақшымын. Сен суретшісің ғой, маған көмектесесің. Сен де Аяз Атаға хат жаз, мүмкін, сені де мамаң мен папаң іздеп жүрген шығар. Сау бол. Тірі болсаң хат жаз. Досың – Павел Николаев”.

Хатты оқып болған соң Керей еңіреп жылап алды. Арасында хатты иіскеп қояды. Сол иіс арқылы алыстағы интернаттың саусақтарымен сипап жүретін дәліздері мен өзі жуған едендерінің есте қалған әрбір бөлігін көз алдына елестетуде. Паша екеуінің бірін-бірі қуып ойнайтындары, сол үшін бұрышта тұратындары көз алдына келіп, жүзіне қуаныш ұялады. Санта Клаусқа хатының жетіп, Жаңа жылғы сыйлыққа Пашаға сотовыйдың келуі Керейдің бойына сенім ұялатты. Ол енді келер жылы хатында не туралы жазатынын біледі. Ол уақытты босқа жұмсамай, Паша досына алғашқы жауап хатын жазуға кірісіп кетті.

Содан бері он үш жыл өтті… Кристи ұлы Керейді ертіп Қазақстанға қайта оралды. Оларды жетелеген ана мен баланың арманы еді. Оның бастауы – сол баяғы Санта Клаусқа жазылған хатта болатын. “Паша, сенің хатыңды алдым. Рахмет. Мен сені ешқашан ұмытпаймын. Есіңде ме, түнде бір-бірімізге қорқынышты оқиғаларды айтып, ақыры құшақтасып ұйықтап қалушы едік қой. Аяз атаның саған сотовый сыйлағанына мен де қуаныштымын. Енді папаңмен кез келген уақытта сөйлесіп тұрасың. Ол енді сені жоғалтпайды. Менің мамамның аты – Кристи, ал папам – Бишоп. Олар мені өте жақсы көреді. Мен де оларды жақсы көремін. Кейде түсімде өз мамамның дауысын естимін. Ол мені орманның ішінде жоғалтып алған сияқты. Мен мамамды көрген жоқпын, сондықтан оның түрін білмеймін. Тек қиялмен суретін салғаным болмаса. Санта Клаусқа хат жазсам мүмкін тауып берер… Сау бол. Досың – Керей Девидсон».

Қазақстанға келісімен Кристи мен Керей алдымен балалар үйіне барды. Бала күні жатқан кереуеті шкаф жанында, ауладағы ойын алаңында, мұғалімнің арқасына отырып түскен суреттерін көрген Керей оны ешкімнің ұмытпағанына, альбомда естелік болып жатқанына өте қуанды. Ол осынша жыл өткен соң дәл сол жерлерде қайта суретке түсті. Оған арнайы жайылған дастарқан басына жиналған ұстаздары мен тәрбиешілерінің де қуаныштарында шек жоқ. Кристи бақыт құшағындағы баласына аналық мейіріммен күлімсіреп қарап қояды.

Керей арнайы әкелген сыйлықтарын берген соң тағы да жолға шықты. Бұл оның өміріндегі өте маңызды жол еді. Ол – туған анасының үйіне апаратын қастерлі де бейтаныс жол. Шыр етіп дүниеге келгелі, тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында жүргені болмаса, өмірінде көрмеген адаммен кездесу оған оңай болмады. Тек американдық Кристи анасы ғана тағатсызданып келеді. Ол ақ сүтін бермесе де, адал ниет, ақ жүрегімен мұхиттың арғы жағынан, қазақтың кішкентай ауылына баласының бақыты үшін қарлығаш құстай ұшып келеді.

Кішкентай Керейдің бала күнгі арманын орындау үшін Кристи Айсұлуды бірнеше жыл іздеді. Ақыры тапты. Ол арқылы Керейдің әкесі Петрмен де интернет арқылы байланысты. Сөйтіп, жиырма бір жылдан соң Керей өзіне өмір сыйлаған ата-анасымен кездесті.

Қайрат САДЫҚОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp