Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішевтің тұрғындар алдында есеп беру кездесуіне қатысып, алда тұрған бірқатар келелі міндеттерді белгіледі.
Алдымен облыс әкімі аудан орталығындағы “Визигин” жеке кәсіпкерлігі қолға алған азық-түлік супермаркетінің құрысымен танысты. Азық-түлік дүкені биыл наурыз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жеке кәсіпкер Евгений Визигиннің айтуынша, жоба құны 20 миллион теңгені құрайды. Кәсіпкер 5 адамды жұмыспен қамтып, аудан тұрғындарын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуді жоспарлауда.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Т. Позолотин атындағы Явленка №1 орта мектебі жанындағы “Балдырған” шағын орталығында да болып, ондағы жағдаймен танысты.
Аудан әкімі Мұратбек Әбішевтің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы жарияланып, 2016 жылға арналған басым бағыттар сараланды.
– Аудан тұрғындары үшін өткен жыл жемісті болды. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және барлық міндеттерді орындау бойынша мақсатты жұмыс жүргізіліп келеді. 2015 жылы ауылшаруашылық саласы бойынша жалпы өнім көлемі 20638,8 миллион теңгені құрады. Аталмыш салада жүргізілген белсенді жұмыстың нәтижесінде бидайдың орташа шығымдылығы 19,9 центнерден айналды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жаңа техникалар сатып алуға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3706,9 миллион теңгені құрады. Қазіргі уақытта ауданда 80 мал шаруашылық фермасы бар, – дей келе ол “Құлан”, “Сыбаға”, “Алтын асық”, “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” бағдарламалары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Сонымен қатар, баяндамашы өнеркәсіп саласы бойынша 2667,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілгенін жеткізді. Оның айтуынша, биыл бірнеше жобаны жүзеге асыру көзделуде. Мәселен, Жарғайың ауылында “Данияр-Агро” ЖШС сүтті қайта өңдеумен және қымыз өндірумен айналыспақ. Өткен жылы 5 кәсіпкерлік өз жұмысын бастады. 2016 жылдың 1 қаңтарындағы деректер бойынша жеке кәсіпкерлер 152 жұмыс орнын ашты. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 8 кәсіпкер 40 миллион теңгеден астам субсидия алды. 2015 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3706,9 миллион теңгені құрады.
Өткен жылдың маусым айында облыстық бюджеттен бөлінген 40 миллион теңгеден астам қаржыға Горный ауылында су тарату станциясы іске қосылды. Биыл облыстық маңызы бар жолдарды күрделі жөндеуден өткізуге 25 миллион теңге бөлу жоспарлануда. Былтыр жыл басынан бері 1773 адам жұмыспен қамтылып, 1297 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Аудан әкімінің есебінен кейін облыс басшысы Ерік Сұлтанов тұрғындарды облыста атқарылып жатқан шаруалармен қысқаша таныстырып, алда тұрған басты міндеттерге тоқталды.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Бес институттық реформаны жүзеге асыруда алдымен кәсіби мемлекеттік аппарат құруды тапсырған болатын. Есепті кездесулердің Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиімді жүзеге асыруға қосатын үлесі ерекше. Экономиканы дамытудың негізгі көрсеткіші – жалпы өңірлік өнім 856 миллиард теңгені құрады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 168,5 миллиард теңге, 2014 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,1 пайызға өсті. Агроөнеркәсіп кешенінде былтыр мол өнім жинадық. Біздің аграршыларымыз 5,5 миллион тонна астық бастырды. Облыс бойынша дәнді дақылдар берекелігі гектарына 17,1 центнерден айналды. Жалпы алғанда біздің өңір ауыл шаруашылығы саласындағы өсім көрсеткіші бойынша республикада үшінші орын алады. Жыл сайын Үкімет тарапынан салаға ерекше қолдау көрсетілуде. Былтыр 17,2 миллиард теңгенің демеуқаржысына ие болдық, – дей келе Ерік Хамзаұлы жергілікті билікке ауданда жерді тиімді пайдалану, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша жұмысты күшейту қажет екенін айтты. Сондай-ақ, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін әрбір кәсіпкермен жеке жұмыс жүргізуді тапсырды. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен көші-қон мәселесіне де ерекше назар аударған өңір басшысы көктемгі тасқын судың алдын алу қажеттігін де ескертті.
Есепті кездесу соңында аудан тұрғындары облыс әкіміне Ильинка – Мектеп тасжолына күрделі жөндеу жүргізіле ме деген сауал жолдаған болатын. Өңір басшысы биыл жөндеу жұмыстары қолға алынатындығын хабарлады.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Есіл ауданы.