«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кезекті брондау жеңілдетілді

Бұдан былай халыққа қызмет көрсету орталығына кезекті брондау кезінде  бос уақыт көрсетілетін болды. Бұл қызмет алушылар үшін өте ыңғайлы.

Сонымен қатар “еgov.kz” порталында кезекті қайта брондаудың жаңа функциясы іске қосылды. Егер азамат алдын ала жасаған броны бойынша қандайда себептермен орталыққа бара алмаса, кезек уақытын қайта белгілеп, пайдаланбаған брон уақытын босата алады. 

Бір адамның бірнеше күн қатарынан бос уақыттарға брон жасауы шектелді. Енді азаматтар 10 күнде бір рет қана кезекке тапсырыс бере алады. Ал халыққа қызмет көрсету және мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында шаруасы бар азаматтар он күн ішінде әрқайсысына бір рет брон жасай алады. Соңғысына жүгінуші азаматтарға көлікті қайта тіркету қызметі қажет болса, брон көлікті сатушы азаматтың атында болуы керек.

–  Аталған шаралар брондау сервисіндегі кезекті азайтуға және неғұрлым көп азаматтың қызмет алуына жағдай жасады. Аталған өзгертулерді “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының бастамасымен “egov.kz” порталының операторы – “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ-ы жүзеге асырды. Бұған  қызмет алушылардан келіп түскен өтініштерге жасалған сараптама мен онлайн түрде кезекке тұруды техникалық жақсарту қажеттілігін анықтаған фокус-топтың тестілеу нәтижелері негіз болды, – деді “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттiк корпорациясы” КЕ АҚ-ы облыстық филиалының PR-менеджерi Ерназар Нұрғалиев.

Сондай-ақ, бір жұмыс күні ішінде  азаматтар қызметтің екі түріне кезек брондай алады.  Мысалы, бұрын азамат жеке куәлік алу қызметі бойынша брон жасаса, онда оның  сол күні өзге қызмет түрін алуы шектелетін. Бұдан былай “egov.kz” қолданушылары “Электронды үкімет” порталындағы жеке кабинет арқылы берілген тапсырыс кезегінің мәртебесін де көре алады.

Елімізде халыққа қызмет көрсету орталықтарында онлайн түрде қолжетімсіз, қағаз жүзінде көрсетілетін қызметтерді ғана алуға болады. Осы арқылы азаматтардың бір орында көптеп жиналуын шектеп, вирусты жұқтыру қаупін азайту көзделген. Сонымен қатар өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жарлығына сәйкес 25 шілдеде және 1 тамызда “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының барлық фронт-кеңселері жұмыс істемейді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp