
Кеше облыс орталығындағы “Достық” алаңында полицияның кешенді күштерінің гарнизондық ауысымы өтті. Оған қалалық және облыстық полиция ведомстволарының өкілдері, №6637 әскери бөлімнің әскери қызметшілері, сондай-ақ, жекеменшік күзет агенттіктерінің қызметкерлері қатысты.
Облыс орталығындағы қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған шараға қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов:
– Жалпы гарнизондық ауысым қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамда ұсақ заң бұзушылыққа төзімсіздікті қалыптастыру бойынша жұмысты ұйымдастыруда ең негізгі іс-шаралардың бірі болып табылады. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз әр уақытта елеулі. Үстіміздегі жылдың 8 айында тәртіп сақшылары 89403 құқық бұзушылықтың алдын алған. Облыстық ішкі істер органдарын жабдықтау мен материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыс бюджетінен 170 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді, – деді.
Шара барысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді үлес қосқан облыстық ішкі істер департаментінің үш қызметкері марапатталды. Атап айтқанда, облыстық ІІД әкімшілік полициясы басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сайлаубек Мусинге облыс әкімінің Құрмет грамотасы, ал облыстық ІІД жол-патрульдік полициясы батальонының командирі, полиция майоры Айдын Байматов пен облыстық ІІД әкімшілік полициясы басқармасының бөлімше бастығы, полиция майоры Андрей Дзубанға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Күн сайын облыс орталығындағы қоғамдық тәртіпті 200-ден астам полиция қызметкері күзетеді. Яғни, қоғамдық тәртіпті сақтау мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге полиция кешендері күштерінің 316 қызметкері жұмылдырылса, №6637 әскери бөлімнің 100 әскери қызметшісі және 57 патрульдік автокөлік тартылған. Жыл басынан бері сыртқы қызметтердің патрульдік жасақшыларының күшімен 378 қылмыстың беті ашылып, 66 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілген.
Гарнизондық ауысым соңында солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары мен әскерилер әскери оркестрдің сүйемелдеуімен сап түзеп өтті. Іле қоғамдық тәртіп сақшылары өз борыштарын орындау аймақтарына аттанды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.