Қорғаныс істері жөніндегі департаментте әскерге шақырылушыларды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Шараға олардың туған-туыстары, департаменттің қызметкерлері және Қарулы Күштер ардагерлері қатысты.
Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты шығару мен Гимнді орындаудан басталды. Содан кейін болашақ жас сарбаздарды құттықтаған қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Еркінбек Байболов солтүстікқазақстандықтардың әскери борыштарын абыройлы атқаратындықтарына сенім білдірді. Сондай-ақ, жастар арасында отансүйгіштікті тәрбиелеудің маңыздылығын тілге тиек еткен басшы күзгі әскерге шақыру науқанында Ішкі әскер құрылымдарына облыстан 700 жастың аттанатынын хабарлады.
Ардагерлер әскерге аттанғалы тұрған бозбалаларға ақ тілектерін арнап, олардың ата-аналарына, қорғаныс істері жөніндегі департамент басшылығына ризашылықтарын білдірді.
Жас сарбаздар өз кезегінде әскери қызметті абыроймен өтеуге уәде беріп, болашақта Қазақстан Республикасының әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер арасында болуына өз үлестерін қосатындықтарына сендірді.
Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Мақсат Мұқановтың айтуынша, бұл жолы әскер қатарына іріктелген 45 сарбаз өз борыштарын Жамбыл облысының Гвардейск қалашығындағы әскери бөлімде өтемек.
(Өз тілшіміз).