
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкерлері күн сайын үй-үйді аралап, азаматтық қорғаныс саласында тұрғындардың мәдениетін арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Жуырда қалалық мәслихаттың депутаты Данияр Уәлиевтің қатысуымен кезекті үгіт-насихат рейді өтті. Ол өз сайлау округінің аумағында тұратын тұрғындармен әңгімелесіп, оларды толғандырған мәселелер туралы сұрап білді, өз құзыреті шегінде оларды шешу жолдарын ұсынды. Сонымен қатар, халық қалаулысы тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызы туралы айтып, пешті, газ және электр құралдарын пайдалану кезінде абай болу керектігін ескертті.
Рейд барысында Петропавл қаласының Жұмысшы кентінде орналасқан 4 үйге көмірқышқыл газына қатты әсер ететін газталдағыштар орнатылды.
Алты немересін тәрбиелеп отырған 63 жасар Анатолий Петрович мұндай құрылғы орнатқаны үшін мамандарға өз алғысын білдіріп, мемлекеттің халыққа қамқорлығын сезініп отырғанын атап өтті. Осы күні көпбалалы ана Елена Даниленконың отбасы да датчикке ие болды. Оның жеті баласы бар, ең кішкентайы – 5 жаста.
Өңір елді мекендерінде жыл басынан бері көпбалалы отбасылар, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың үйлеріне 348 құрылғы орнатылды.
Жыл басынан бері облыста орын алған 567 өрттің басым бөлігі, атап айтқанда 80 пайызы жеке меншік тұрғын үй секторына тиесілі.
Әсел СҮЙІНДІКОВА,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің аға инженері,
азаматтық қорғау лейтенанты.