
Балалар – біздің болашағымыз. Олардың дені сау, білімді, тәрбиелі болып өсуі маңызды. Жас ұрпақтың тәрбиесі алдымен балабақшадан басталады. Сондықтан ата-ана ғана емес, балабақша мен мектеп те әр баланың өмірінде ерекше орын алады. Біздің “Ақ бота” бөбекжай-бақшасында балғындардың тәлімді тәрбие алып, шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Мектепке дейінгі білім беру мекемесі заманға сай жабдықталған.
Балабақшада оқу мен тәрбие жұмыстары “Коммуникация”, “Таным”, “Әлеумет”, “Шығармашылық”, “Денсаулық” сынды жалпыға міндетті бағдарламалар аясында жүргізіледі. Барлық бөлмелер қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Балабақшада қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне арналған бөлмелер әр этностың ерекшелігіне сай жабдықталған. Монтессори кабинеті де бар. Тәрбиеленушілермен психолог, логопед мамандар жұмыс істейді. Балабақшамыздың жетістіктері де аз емес. Біз үшін әр баланың тұлға болып қалыптасуы маңызды. Сондықтан балғындармен жеке жұмыс жүргізіп, әр баланың өзіндік пікіріне құлақ асамыз. Бастысы баланың өмірге бейімделуіне үлкен мән беріледі.
Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ұйымында балалардың қауіпсіздігі де басты орында. Карантин шаралары аясында бөбекжайда жұмыс уақытша тоқтатылған болатын. Бірақ тамыз айының 17-сінен бастап жұмысымыз жанданып, кезекші топтар ұйымдастырылды. Бүгінде бізде 7 қазақша, дәл сонша орыс тобы бар. Қазір ұжым мүшелері оқу мен тәрбие үрдісіне толық қатысуда. Кезекші топтарда бала саны шектеулі. Яғни, бір топқа 15 баладан ғана қабылданды. Оның өзінде ата-аналардың жұмыс жағдайы қатаң ескерілді.
Қауіпті індеттің таралуына орай балабақшада қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Күн сайын медбике қызметкерлердің денсаулығын қадағалайды. Балалардың дене қызуы тексеріледі. Бөбекжайға кіреберісте антисептиктер қойылып, дезинфекциялық шаралар жүргізіледі. Тәрбиеленушілер тамақтану алдында, серуеннен кейін қолдарын міндетті түрде сабындап жуады. Олар серуенге шыққанда тәрбиешілердің көмекшілері бөлмелерді желдетіп, кварцтау шараларын жүргізеді.
Жанна ӘБІЛОВА,
“Ақ бота” бөбекжай-бақшасының меңгерушісі.