«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЛЕЛІ МІНДЕТТЕР, АЙҚЫН МАҚСАТТАР

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа арнаған Жолдауынан туындайтын келелі міндеттер талқыланып, айқын мақсаттар белгіленді. Алқалы жиынға департамент, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты.

Жиынды кіріспе сөзбен ашқан Ғауез Торсанұлы Жолдауда айтылған барлық міндетті салмақты көзқарас­пен, мұқият, жан-жақты ойласты­рып, сапалы түрде жүзеге асыру та­лабы қойылып отырғанын, бұл орай­да қоғамды жаңғыртуда жаппай цифрландыру және жасанды интел­лект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы түбегейлі өзгерту маңызды стратегиялық қағи­дат саналатынын атап өтті.

«Барлық саланы жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллект енгізу жаңашылдығын қолдана отырып қана Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамыта аламыз. Жауапты ведомство өкілдері қомақты инвес­тиция тарту, өңдеу өнеркәсібіне соны серпін беру, ауыл шаруашылы­ғын жаңа деңгейге көтеру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жетілдіру мәселе­лерімен бүгіннен бастап жүйелі айналысуы керек», – дей келе облыс әкімі тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, экономиканы еселей түсу жо­лында қолдағы мүмкіндіктер мен резервтерді толыққанды пайдалану қа­жеттігін атап өтті.

Мінбеге бірінші болып көтерілген облыстық мәслихат­тың хатшысы Владимир Бубенко жасанды интеллектінің игіліктерін пайдаланудың артықшылықтарын сөз етті. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев Жолдаудың негізгі бағыттары мықты, орнықты, әртараптандырылған экономиканы қалыптастыруға, импортқа тәуелділікті тө­мендетуге, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын цифр­ландыруға, инфляцияға қарсы күреске, кәсіпкерлікті да­мытуға бағытталғанын жеткізді. Жыл басынан бері өңір экономикасы 12,8 пайызға өскен, бұл – еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі. 10 мың жаңа жұмыс орны құ­рылып, жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызға дейін төменде­ген. Жеке кірістер мөлшері 103,1 пайызды, яғни 99 млрд. теңгені құраған. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабі­летті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру мақса­тымен жалпыұлттық инвестициялық пулға 51 озық жоба енгізіліпті. Олардың жалпы құны 894 млрд. теңгені құрай­ды. Макроэкономикалық құрсаудан шығудың бір жолы өң­деу өнеркәсібінің дамуына қолайлы жағдай туғызу, әлеуетін тиімді пайдалана білу. Өңір өнеркәсібінде оның үлесі – 85,2 пайыз. 7 айда бұл салада 395,9 млрд. теңгенің бұйымдары мен тауарлары шығарылды. Өнеркәсіптік және аграрлық кластерлер құруға басымдық беріліп отыр. Бұл шаралар жыл аяғына дейін экономиканың өсімін 6,5 па­йызға қамтамасыз етпек. 2028 жылы 7,2 пайызға дейін өсі­ру белгіленген.

«Президенттің футболды коммерцияландыру ісін жалғас­тыра беру керек деген талабының өңірге де тікелей қатысы бар. 2028 жылы «Қызылжар» футбол клубы толықтай жеке кәсіпкердің меншігіне өтеді. Үнемделген қаражат балалар футболын дамытуға жұмсалады», – деді баяндамашы.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтеміров жасанды интеллектіні жап­пай енгізу және цифрландыру Президент белгілеп берген стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры екенін, осы­ған орай «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдама­лық құжат әзірленетінін, бастамалар мен жобалардың бәрі жалпыұлттық стратегия аясына біріктірілетінін алға тарт­са, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқарма­сының басшысы Дәурен Тоқужинов соңғы екі жылда 28 кәсіпорын 4 бағыт бойынша қаржыландырылып, 89 млрд. теңге инвестиция құйылғанын, нәтижесінде 1150 адам тұ­рақты жұмысқа орныққанын жеткізді. 2025-2027 жылдарға арналған «Жол картасы» шеңберінде 112 млрд. теңгенің 60 жобасы қолға алынған.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновация­лық даму, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, жұ­мыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім басқарма­ларының басшылары Дархан Әмрин, Данияр Қуанышбаев, Ерден Шортыбаев, Ринат Елжасов, Айнагүл Сұрағанова, М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың ректоры Ербол Исақаев алда атқарылатын жұмыс жоспарларымен бөлісті.

Облыстық әкімдіктің кеңейтілген отырысын қорытын­дылаған Ғауез Нұрмұхамбетов әділетті әрі қуатты Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдарды белгілеп бер­ген Жолдау талаптарын мүлтіксіз орындау барша солтүстік­қазақстандықтардың борышы екенін қадап айтты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp