Бүгінгі таңда туризм саласы көптеген елдердің негізгі табыс көзіне айналған. Бізде де отандық туристік индустрияны дамытудың “Жол картасы” аясында туризмнің барлық бағытына ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта сұлу табиғатымен көз тартатын мекендерді шетелдік қонақтардың сүйікті демалыс орнына айналдыру бойынша кешенді жұмыстар қолға алынуда.
Елімізде ішкі туризмді дамытудың мүмкіндіктері зор. Атап айтқанда, тамаша табиғатымен көз тартатын Үлкен Алматы, Бурабай, Балқаш, Алакөл, Шалқар, Жасыбай, Теңіз сияқты көлдер, Алматы, Баянауыл, Қарқаралы, Каспийдің жағалауы, Таулы Алтай, Жоңғар Алатауы, Шарын шатқалы, киелі Түркістан сияқты жерлер жетіп жатыр. Бұл жауһарларымызды көруге келушілер арасында ресейліктер басым.
Былтыр Астанада өткен “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесіне 1,7 миллионнан астам ресейлік келген және бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан көрші мемлекет туристері таңдайтын алғашқы үш елдің қатарына кірген болатын. Екі елдің географиялық жақындығын, тарихи байланысы мен ортақ мәдени құндылықтарын ескерсек, ресейлік туристерді көптеп тарту біз үшін маңызды. Бұған қоса біз әлемдегі ең ұзақ шекара мен ортақ экономикалық кеңістікті бөлісіп отырмыз. Біздің компания жүргізген кешенді жұмыс өз жемісін беруде. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың бірінші жартысында Ресейден келген туристердің саны 2,3 пайызға өсті. Ал жалпы келушілер 750 мың туристке артты.
Біз екі ел арасындағы әріптестік аясында Мәскеу қаласында өткен халықаралық көрмеге қатысып, онда жаңа демалыс және туризм түрлерін ұсындық. Қыстыгүндері тау шаңғысы, балық аулау, аңшылықтан бастап, жазғы маусымда жаяу серуендеу, велосипед және атпен жүру, рафтинг, парапланинг тәрізді саяхат түрлерін дамытудамыз. Ресейлік “MICE” агенттіктері мен туркомпаниялары үшін Астана және Алматы қалаларына ақпараттық тур ұйымдастырылды. Бұл шаралар 2019 жылы жалғасын тауып, Қазақстанда “ITB Eurasia” көрмесі және үш халықаралық фестиваль өткізу жоспарланып отыр.
Шара барысында туризм көкжиегін кеңейту, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, инвестициялық жобаларға қатысу мәселелері бойынша Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігінің “Ростуризм” туризм жөніндегі агенттігімен меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар біз бұқаралық ақпарат құралдарымен белсенді жұмыс істейміз. “Euronews” телеарнасында Қазақстан жайлы жарнамалық бейнебаяндар көрсету қолға алынды.
Осы орайда Петропавлда он бесінші мәрте ұйымдастырылған Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы тақырыбының туризмге арналуы өте орынды деп санаймын. Халықаралық шара аясында өткен туристік көрмеде екі елдің отыздан астам өңірінен келген қонақтар өздерін таныстырып, өзара әріптестік аясын кеңейте түсті. Қызылжар өңірімен бірге еліміздің Түркістан, Қызылорда, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау, Ресейдің Омбы, Түмен, Саратов, Орынбор облыстарының, Алтай өлкесінің, Татарстан Респуликасының саяхатшыларды қызықтырып отырған туристік жобалары көрсетілді.
Айыртау ауданындағы курорттық аймағы алдағы уақытта әлемдік талаптарға сай беткеұстар отандық туристік орындардың біріне айналмақ. Шетелдік туристер мен меймандар алдағы жылы жаңа демалыс аймағының игілігін көреді. Қазіргі уақытта Үкіметте Қазақстанның ішкі және сыртқы туризмін 2023 жылға дейін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама талқылануда. Имантау-Шалқар аймағын осы бағдарлама шеңберінде дамыту жұмыстары қолға алынатын болады.
Петропавлдағы форумның панельдік сессияларында маркетинг, цифрландырудың заманауи үрдістері және іскерлік туризмді дамытуға назар аударылғаны өте орынды. Себебі, заманмен бірге туризм саласы да өзгеруде. Мәселен, қазіргі уақытта дәстүрлі бағыттағы туристердің азаюы, жас саяхатшылардың зерттелмеген жаңа жерлерді таңдауы бізге қосымша мүмкіндіктер ашуда.
Жоғары технологиялар дамыған заманда туристер смартфон, лэптоп және компьютер арқылы қонақүйге алдын ала тапсырыс беріп, “AR” және “VR” сияқты заманауи технологиялардың көмегімен түсірілген панорамалық бейнеролик арқылы баратын жолы, демалыс орындары туралы ақпарат алғылары келеді. Бұл өз кезегінде, туризм саласында маркетинг және байланыс түрлерін, басқа да бизнес-үрдістерді дамытуға итермелейді. Осы үш негізгі мәселе бойынша ресейлік серіктестермен ортақ ұстаным-дарымыз бар. Өйткені, осы та-қырыптардың әрқайсысы, яғни маркетинг, цифрландыру және “Bleisure” (бизнес және бос уақыт) сияқты туризмнің жаңа тетіктерін дамыту ғаламдық трендке айналып отыр. Бұл бағытта да үзбей жұмыс жүргізілуі қажет. Ол – заман талабы.
Сондықтан Ресейден арнайы шақыртылған “Visit Russia” туризм бойынша ұлттық маркетинг орталығының жетекшісі Вадим Науменконың, “Profit.Travel” холдингінің бас директоры Алексей Венгиннің және мәскеулік маман Константин Гараниннің туризм саласындағы заманауи өзгерістер жайлы әңгімесі осы қызмет түрін ұсынушылардың жұмысына серпін береді.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында екі ел арасындағы байланыс жиырма құжатпен беки түсті. Ресми шарада отандық туроператорлардың “Байқоңыр” ғарыш айлағына жаңа бағыттар ашып жатқаны туралы айтылды. Екіжақты байланыстардың шеңберінде Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Иран және Түркіменстандағы круиздік туризмді дамыту туралы келісімге қол жеткізілген. Енді 2020 жылы алғашқы кемелер Каспий теңізінде круизге шығады.
Форумның нәтижесінде Қазақстан мен Ресей арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгеніне көз жеткіздік.
Рашид КҮЗЕМБАЕВ, “Kazakh Tourism” Ұлттық компаниясы” АҚ-ның басқарма төрағасы.