«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ КӘСІПОРЫНДАР

Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін жандандыру тапсырмасына сәйкес өңірде бірқатар жаңа кәсіпорынның таспасы қиылды. Кәсіпорындардың ашылуына өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов пен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты. Инвестициялық жобалар өңірдің агро-өнеркәсіптік кешенін да­мытуға серпін бермек.

Қызылжардағы қатты ірімшік шығаратын жалғыз кәсіпорын – «Eurasian Milk» серіктестігі биылдан бастап қоюлан­дырылған сүт өндірісін қолға алмақ.

Жобаға 5,2 млрд. теңге ин­вестиция құйылған. Кәсіпорын­ға ел бойынша баламасы жоқ заманауи қондырғылар қойыл­ған. Өндіріс желілері барынша автоматтандырылған. Нәтижесінде мұнда жылына 12 мың тонна қоюландырылған сүт өндіріледі.

Серіктестік директоры Андрей Гриценконың сөзінше, жұ­мыс 98 пайызға автоматтандырылған. Өндіріс барысында жергілікті шикізат пайдаланы­лады. Бүгінде өңірдегі 18 ферма сүтті осында өткізеді. Жаңа цех келер жылдың бірінші тоқса­нында толық қуаттылықта жұ­мыс істей бастайды. Өндіруші қоюландырылған сүтпен отан­дық нарықты толық қамтамасыз етуге ниетті.

Цехтың ашылуынан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов пен Ай­дарбек Сапаров «Зеленый Се­вер» серіктестігіндегі жылыжай жұмысымен танысты. Бүгінде мұнда жылына 3 мың тонна көкөніс өсіріледі. «Зеленый Север» – өңірдегі төртінші буын­ды жалғыз жылыжай. Алдағы уақытта өндіруші жылыжайды кеңейтіп, 4,5 мың тонна көкөніс сатуды мақсат етіп отыр. Жоба құны – 4 млрд. теңге. Нәти­жесінде жылыжай аумағы 52 мың шаршы метрге дейін ке­ңейіп, тағы 30 адам жұмыспен қамтылады.

Бұл күні «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында «ECO GLADE» саңырауқұлақ ферма­сы жұмысын бастады. Жобаға жұмсалған 11 млрд. теңгенің жартысы мемлекеттік қолдау механизмдері арқылы берілген.

– Ауыл шаруашылығы өнім­дерін терең өңдеудің мысалын аталған кәсіпорыннан көруге болады. Мұнда тек саңырауқұ­лақ өсіріліп қоймайды. Жинал­ған өнімді консервілеу, мұздату мүмкіндігі де бар. Бұл – Қазақстандағы ең ірі фермалардың бірі. Алдағы уақытта жергілікті нарықты отандық өніммен қам­тамасыз етіп қана қоймай, Ре­сейдің көршілес облыстарына экспорттау мүмкіндігі де бар, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялы-инновация­лық даму басқармасының бас­шысы Дархан Әмрин.

Мұнда саңырауқұлақ арнайы камераларда өсіріледі. Әр каме­раның ішінде мол өнім алуға қа­жетті жағдай жасалған. Камера­дағы ылғалдылық пен темпера­тура цифрлық жүйе арқылы бас­қарылады. Қажет болған жағ­дайда ферма жұмысын қашық­тан бақылауға да болады. Саңы­рауқұлақты егу, компост дайын­дау жұмыстарын арнайы қон­дырғы атқарады. Жұмысшылар тек өнімді жинау кезінде ғана камераға кіреді. Камераға жайылған қара топыраққа 18 күнде жұдырықтай шампиньондар өсіп шығады. Мамандар оны салмағына қарай сұрыптап, жәшіктерге салады.

«Саңырауқұлаққа деген сұ­раныс жоғары. Егер жоба толық аяқталса, импорттық өнімге тәуелділіктен арыламыз. Ком­пания басшылығы кәсіпорынды тез арада іске қосып, өндірісті жолға қойды. Бүгінде алғашқы өнімді жинап жатыр. Жалпы елімізде ауыл шаруашылығы са­ласына ерекше көңіл бөлінуде. 11 айдың қорытындысы бойын­ша салаға тартылған инвестиция көлемі 28 пайызға артқан», – деді Айдарбек Сапаров.

Ферманың қазіргі өндірістік аумағы 10 мың шаршы метрді алып жатыр. Әзірге мұнда жылына 2,4 мың тонна өнім шыға­руға мүмкіндік бар. Жаңа фер­мада 65 адам еңбек етпек. Алда­ғы уақытта кешенді кеңейту жоспарлануда. Оған сай тағы 6 млрд. теңге қаржы құйылып, өндірістік алаң 17 мың гектарға жетпек. Бұл жылына 4,8 мың тонна өнім шығаруға жол аша­ды. Осылайша жергілікті нарық­қа қажет саңырауқұлақтың 45 пайызы Қызылжарда өсірілмек.

Сапар барысында Айдарбек Сапаровқа «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының №3 субаймағына инженерлік желі­лер тарту жұмыстарының бары­сы таныстырылды. Былтыр мұнда 15,8 шақырым электр, 6,7 шақырым су желілері тар­тылса, биыл 1,2 млрд. теңгеге ұзындығы 4,1 шақырым кәріз жүйесі орнатылған. 3,5 шақы­рымдық жылу желісінің жұмыс­тарын желтоқсанда аяқтау жос­парланған. Ал келесі жылы 11,2 шақырым жол салынып, 2,3 шақырым темір жол пайдалану­ға беріледі.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суреттерді түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp